28.05.2024, 13:00
Оқылды: 80

Желтоқсан оқиғасының құрбанына арналған кітаптың тұсаукесері өтті

 

Желтоқсан оқиғасының құрбаны, Ақжайық ауданы Ақжол ауылдық округіне қарайтын Қабыл ауылының тумасы Гүлзада Халеловаға арналған «Орындалған аманат» атты жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі 21 мамырда өтті. Дәл осы күн – Г.Нәбиқызының туған күні. Арамызда болса, 55 жасын атап өтер еді.

6c10356c-655f-4e9b-abd9-5027b1111417

 Ілбішін мәдениет үйінде өткен шараға Ақжол ауылдық округінің әкімі Дәурен Нұрғожа, «Батыс-Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Күнзила Мақсұтова, Мұхтар Нұрланбаев, Гүлмира Сұпалдиярова, Жанболат Ешов, өлкетанушы, тарихшы, ардагер-ұстаз Алдаберген Сәрсеков, аудан желтоқсаншылары, сонымен қатар Гүлзада Нәбиқызының тума-туыстары, сыныптастары, ауылдастар қатысты.

Д. Нұрғожа кіріспесөзбен ашқан шарада жасындай жарқ еткен жерлесіміз жөнінде жылы естеліктер ақтарылды. К.Мақсұтова желтоқсаншының соңғы күндерін зерттеу, ақтау жұмыстары жөнінде айтты.

желтоқсаншы гулзада

– Қуғын-сүргін құрбаны деп танылған Гүлзада Нәбиқызының есімін одан әрі насихаттау мақсатында осы кітапты шығаруды жөн көрдік. Кітап шығаруға ақжайықтық желтоқсаншы Гүлнәр Иманғалиева ұсыныс білдіріп, Жанболат Ешов оны құрастырып, безендірді. Жинақты шығаруға демеушілік көрсеткен – «Батыс-Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің мүшелері. Естелік кітаптың жарық көруіне атсалысқан баршаға алғыс білдіремін, – деді ол.

Тұсаукесерде сөз алған Ж.Ешов кітапта Г.Халелованың ісін бүге-шүгесіне дейін зерттеп, ақталуына мұрындық болған Алдаберген Сәрсековтың ізденісі басылғанын айтты.

Кітаптың «Орындалған аманат» деп аталуы бекерден бекер емес. Көзінің тірісінде Гүлзаданың анасы Қалампыр апа Алдаберген Қайырғалиұлына қызының есімін жағылған күйеден  тазартуын өтініп, талай мәрте жылап келіпті.

– 1997 жылдан бері айналысып келе жатқан жұмысымның нәтижелі аяқталғанына өзім қуанамын. Оның ата-анасының, туған-туыстарының, ауылдастарының аманаты орындалып, «Желтоқсан құрбаны» деп танылды. Бұл жинақ Гүлзаданың тағдыры, ерлігі, көрген қорлығы, ақтау жұмыстары туралы сыр шертеді. Көпшілік оқырманға арналған кітап батыр қарындасымыздың атын дәріптеуге таптырмас дереккөз екеніне шүбәм жоқ, – деді Алдаберген Қайырғалиұлы.

Кітаптың тұсаукесер рәсімі өткен соң, А.Сәрсеков «Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің» Гүлзада Халеловаға тағайындаған  «Желтоқсан батыры» медалін оның немере ағасы Аян Халеловқа табыстады. Сонымен қатар бірлестік мүшелері батыр қыздың ауылдастарына алғыс хат та беріп жіберіпті. Бұл құнды дүниелер, Г.Халелованы ақтау туралы сот шешімінің түпнұсқасымен бірге аудан орталығындағы Жұбан орталығына қойылады.

Туыстары атынан Аян Халелов, Мәнет Наушева сөз сөйлеп, Гүлзаданың есімі ұмытылмау үшін атқарған еңбектері үшін желтоқсаншыларға зор алғыстарын жеткізді. Сыныптастары атынан Ақкенже Сисенова, желтоқсаншылар атынан Мәлік Мұхтар сөз алды.

Батыр қыздың сыныптастары оның туған күніне орай бейітіне жаңа құлпытас орнатты. Құрдастары шарадан соң ауыл мешітінде Гүлзада Нәбиқызына құран бағыштатып, садақа таратты.

Бекболат Рахметқалиұлы,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале