14.02.2025, 17:30
Оқылды: 275

Желтоқсаншы Райхан Құрмашева ақталды

Бисен ауылының тұрғыны, Желтоқсан оқиғасының қатысушысы болған Райхан Құрмашева Желтоқсан оқиғасының құрбаны деп танылып, "Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» туралы Заңы негізінде толық ақталды. Осынау ақжолтай жаңалықты ести сала ақталу куәлігін бүгін ғана қолына алған Райхан Жұмаділқызымен жүздесіп, аз-кем тілдесіп үлгердік. 

IMG-20250214-WA0047 (1)

–39 жыл дегенде қолыма ақталу куәлігін алып отырмын. Біртүрлі түсініксіз сезімде тұрмын. Бұрын Желтоқсан көтерілісіне қатысып, жазаға тартылғандар кімнің алдында ақталуы тиіс? Біз ешкімнің жолын кесіп, жамандық қылмадық. Еліміз үшін алаңға шығып, теңдік сұрап, тәуелсіздігіміз үшін жанымызды қиюға дейін бардық. Сол үшін «алқаш, нашақор, бұзақы» атандық. Бірақ бізге осы қара күйені жаққан халық емес, мемлекетіміздің ертеңіне сенбеген билік еді. Желтоқсан оқиғасына қатысқан әр қазақ баласы нағыз батырлар деген принципімнен ауытқымай құжаттарды тапсырғым келмей біраз жүрдім. Былтыр Алматы қаласынан  Айтжамал есімді заңгер әрі   желтоқсаншы  келіп жиналыс өткізген еді. Сол кісі менің ойымды өзгертіп, құжат тапсыруыма себепкер болды.

IMG-20250214-WA0046 (1)

«Сіздерге тағылған негізсіз айыптардан ақталу үшін құжаттарыңызды тапсыруларыңыз керек. Келер жылы Желтоқсан оқиғасына 40 жыл. Осы уақытқа дейін барлығыңыз  ақталу куәлігіне қол жеткізіңіздер» деді. Мен 2008 жылға дейін  үш күн, үш түн алаңға шығып, көтеріліске қатысқанымды ешкімге тіс жармадым. Қорқынышпен өмір сүрдім. Қызымның  ұзату тойына Алматыдан жездем келіп еді. Ақ тілегін жаудырып тұрып, «балдызым нағыз қаһарман, желтоқсан көтерілісіне қатысып, еліміздің тәуелсіздік алуына үлес қосқан батыр қыз» деп айтып, ұзақ уақыттан бері жасырып келген сырымды жайып салды. Содан бастап шараларға шақырылып, сұқбат беріп, осы тар жол тайғақ кезең туралы айта бастадым. 14 қаңтар күні Алматыдағы желтоқсаншылар қалалық прокуратура бөлімінен осы куәлікті алып, менен сүйінші сұрағанда көзіме жас келді, еңіреп жыладым, - дейді Райхан Құрмашева
Айта кетелік, аудан бойынша 10-ға жуық Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың ішінен тек Райхан Жұмаділқызы ғана ақталу куәлігіне ие болды.

Арайлым Есмағұлова,

Бөкей орда ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале