Казталов ауданында тал-терек бау-бақша егіп, табыс тапқан азаматтардың қатары көп емес. Жердің төсін еміп, нәпақа табудың өзі оңай шаруа емес. Нағыз еңбек пен біліктілікті талап ететін бұл кәсіп түрімен екінің бірі де айналысуға жүрегі дауламасы анық?! Біздің мақаламыздың кезекті кейіпкері ауылда жеміс теректерін мен бақша салып жүрген нағыз еңбек адамы.
Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшыы Аманжол Қажығалиевпен бірге ауылдарға шыққан жұмыс сапарымызда Көктерек ауылдық округіне бардық. Бізге жолыққан Көктерек ауылының тұрғыны Қадырболат Мырзахметов деген жас жігіт. Ол төрт жылдан бері бағбандық іспен айналысып жатқанын жеткізіп, бізді өзінің үйіне бастап барды.
Қадырболаттың бағын көріп, таң-тамаша болдық. Ауыл тұрғындарына құт болған Сарыөзен жағасына жақын орналасқан жас бағбанның үйінің ауласында жеміс теректерінің неше шұрайы өсіп жатыр. Енді ғана бүршік атып жатқан талдардың аз ғана уақыттан кейін жасыл желек болып, гүл атқан шағын ойша елестетудің өзі қиын. Қадырболатты әңгімеге тарттық.
— Мен бұрын мұндай кәсіппен айналысып көрмеппін. Ауылда тұрғасын шаруамыздың дені малмен болғаны рас. Бірақ, ойлана келе, бағбандық кәсіпті бастауды жөн көрдім. Бұл үйде бұрын бір еңбекқор ағамыз тұрды. Ол осы бақта жүзге тарта жеміс ағаштарын еккен еді. Ол көшетін болып, үйін сатуға қойған болатын. Мен ағайға жолығып, үйін сатып алдым. Бағбандық кәсіппен айналысуға сол кісінің көп көмегі болды. Бар ақылымен, тәжірибесімен бөлісті. Нәтижесі жаман болған жоқ, мен жеміс теректерінің санын үш жүзге жеткіздім.
Әрине, бағбан болу оңай шаруа емес. Жеміс теректерінің түріне қарай әралуан күтім қажет. Уақытымен күтіп-баптау тағы бар дегендей, біраз жұмыс атқаруға тура келді. Мен бағымда алма, шие, өрік, қара өрік, қарақат (смородина) бірнеше түрлерін және жүзім егемін. Жаздай күтіп, баптаған жеміс теректері маңдай теріңнің жемісін де аямай береді. Жинаған өнімді ауылдастарыма сатамын. Табысым жаман емес, алдағы уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысып, табысымды арттырғым келеді,-деп ағынан жарылды Қадырболат.
Халқымызда «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген керемет нақыл бар. Бар жастық жігерін бағбандық кәсіпке арнаған жаспен кездескен аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманжол Қажығалиев мемлекет тарапынан барынша қолдау болатынын айтып, «Ауыл аманаты» жобасына қатысты ақыл-кеңестерін берді.
Расында, Қадырболат секілді жастарға қолдау көрсетіп, кәсібін дамытуға демеу керек. Жас бағбанның биылғы жоспары жүзеге асса, Көктерек ауылында бағы мен бақшасы жайқалып, ауыл тұрғындары табиғи таза өнімге қол жеткізбек. Бәрі сәтімен болғай!
Нұр Рахман,
Казталов ауданы