Шыңғырлау ауданында «Жемқорлықсыз қоғам болашағы нық мемлекет» тақырыбында семинар өтті.
Шараның мақсаты аудан аумағында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған мемлекеттік саясатты жүзеге асыру болғандықтан оған барлық ауылдық округ әкімі, аудандық дербес бөлім және мекеме басшылары, мемлекеттік қызметшілер қатысты.
Семинарға Шыңғырлау аудан әкімі М.Өмірәлиев төрағалық етіп, қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамалар негізінде, қоғамда сыбайлас жемқорлықты жою, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне төзбеу ахуалын қалыптастыру мақсатында жүйелі іс-шаралар ұйымдастыру, жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру туралы баяндамалар тыңдап, спикерлерге сұрақтарын қойып отырды.
Семинарға ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысындағы департаментінің басшысы, БҚО-дағы Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы М.Байсалов, БҚО әкімі аппаратының басшысы Н.Ораз, БҚО мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы С.Сүлеймен және белгілі ақын, ардагер-ұстаз Ү.Елеубайқызы, Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратындағы Әдеп жөніндегі уәкілі А.Хайруллина, сондай-ақ Шыңғырлау аудан прокуроры С.Орынғалиев қатысып, семинарға қатысушылар алдында сөз сөйлеп, пікірлерімен бөлісті.
Кесек ойларымен, өмірілік тәжірибелерін ортаға салған үлкендердің толымды сөздері әсіресе жастарға, жас мемлекеттік қызметшілерге үлкен ой салатындай әсер берді.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алумен қатар спикерлер үнемшілдік пен қанағат туралы да әңгімелеп берді.
Құнды дәйектемелермен өрнектелген семинар театрландырылған көрініспен толықты.
Жемқорлық соңы қорлық екендігін сахна төрінде көрсете білген облыстық өнерпаздарды аудан әкімі М.Өмірәлиев алғысхатпен марапаттады.
Айсұлу Муса,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz