Ғұлама ғалым Қажым Жұмалиевтің «Жайсаң жандар» кітабынан: «Бұл өнерлерін салып, шым-шым қайнатып, күйдірмей, күйрек етіп қуырылған қызыл тарының сап-сары сөгі сырты түтіленіп, майы шығып тұр. Қасаң болмас үшін бір пұтын талқанымен аралас бөлек дорбаға салды да, пұт жарымын ақтап, сөктеп, әзірше жеуіне дайын қылды. Екі-үш үйден жиналған қозы қарын сарымай құрым киізге оралып, жуан шуда жіп, тебен инемен тігілді. Бірер көйлек, дамбал жуылып, әлдеқашан түгі түсіп қалған ескі қызыл қоржынға салынды. Жол азық та, киер киім де дайын. Бұл осы ауылдан оқуға бармақ алтының бірі – Қарабала еді. Ол осындай «үлкен» әзірлікпен бұдан ай жарым бұрын елден шыққан» деген жолдарды кездестіреміз...
Қолына «Орал өңірі» мен «Қаратөбе өңірі» газеттерін ұстай редакция төріне енген қаратөбелік Күләш Мұхтарованың не айтарын бірден сезе қалдық. Елдегі тарихи әңгімелерді жіпке тізгендей етіп, баяндай жөнелетін газеттің шын жанашыры, ақ жаулықты ана Күләш апамыздың әңгімесі бізді баурады да әкетті.
«Алғаш елден арман қуып, оқуға аттанарда бала Қажымға қолдау көрсетіп, қамқорлық танытқан жандардың бірі менің әжем – Қибат Наурзаллина. Әжем 1923 жылдары оқуға кетіп бара жатқан Қажымның қолына бір дорба талқан, бір дорба тары ұстатып, амандығын тілеп, алыс сапарға аттандырғандардың қатарында бопты.
1958 жылы ғалым Қажым Жұмалиев туған жері Қаратөбе өлкесіне келген сәтте жақын жеңгесі боп саналатын Қибат әжеме сұрау салады. Онысы кезінде әжемнен көрген жақсылығын есінен шығармай жүрсе керек-ті.
Негізгі жұмысы – сал Мұхиттың зиратын тауып, оның басына ескерткіш-белгі қою, баба есімін ұлықтау мақсатында жұмыстар жүргізу болса да, елдегі ағайындарға: «Бір жеңгем болып еді, ұмытпасам, есімі – Қибат. Көп қамқорлық жасап еді. Сол кісінің менің арқама таңып берген бір дорба тарысы мен талқанының арқасында Теке қаласына аман-есен жетіп, аш-өзек болған жоқпын. Соның арқасанда ара-тұра ауызыма салып қойып, елді мекендерге аялдап, су ішіп, Орынборға да аман-есен жеттім.
Менің алғашқы өмірімнің баспалдағы сол кісіден басталды. Ауылдан оқуға аттанарымда ақ жол тілеп, ақ батасын беріп, шығарып салып еді. Ол кезде ол кісі жас еді. Қазір жасы біраз жасқа келген болар, бәлкім?!.. Қибат жеңгемді көрсем деймін» - деп тебірене әңгіме қозғапты ғалым Қажым. Өкінішке орай, ол кезде дәл сол жылы әжем дүниеден озған болатын.
Әжем өте керемет, қайсар жан болатұғын. Жиырма бес жасында жесір қалып, 1 ұл, 1 қызды адам қатарына қосты.
Ықсан атамыз астында керім сәйгүлігі бар, тағы бір екінші аттасы екеуі аңға шығады. Аң аулап жүріп, өзектен әрі асып, елсіз даланы кезеді. Калмыков, Тайпақ бетке қарай шыққанда казак-орыстардың қуғынына түсіп, босып бара жатса керек-ті. «Астыңдағы атыңды бер» деп атамызға бұйыра сөйлеп, ұмтыла түседі. Астындағы аты жүйрік екен, ол атын бермей, тұра қашады. Сәйгүлігін бермегесін атып кеткен ғой казак-орыстар. Ал, құдасы әрі аттасы Ықсан қашып құтылған.
«Кеткен күні келмегесін, бір сұмдықтың боларын білдім-ау» деп әжеміз айтатын. Екінші күні кешке таман өгіз арба тауып алып, сүйекті алып келеді. Сонда әжем айтатын еді: «Айқай салып жүгіріп барып, маңдайынан бір сүйдім. Өлген кісінің денесі мұздай болады екен ғой. Менің ернімде әлі күнге табы тұр» дейтін.
Соғыстан кейінгі жылдары көршілес Тайпақ ауылы жақтан келген дала өртінен Бесотардағы Жұмалы ағашын да өрт жалыны шарпиды. Сол кезде Қибат әжем: «Қайнағамыздың ағашы да өртеніп кетті-ау?! Ескерткіш еді ғой? деп жылағанда «Бір ағаштың жанып кеткеніне бола неге жылайды екен» деп ойлаушы едік бала кезімізде?!..
Кейіннен есей келе Жұмалының өзі өмір кешкен заманында қоршаған ортасына сыйлы адам болғандығын, «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дегендей, ата-баба дәстүріне сай сол бәйтеректі келешек ұрпағына мұра болсын деп отырғызып кеткендігін, Қибат әжемнің де Жұмалы ағашын тектілердің көзіндей көретіндігін түсіндік-ау?! - дейді қаратөбелік еңбек ардагері Күләш Мұхтарова.
Ертай БИМҰХАНОВ,
«Қаратөбе өңірі»