Жеңіс, жеңіс осы сөзден жоқ тәтті,
Жауыз соғыс талайларды жоқтатты!
Жалын отқа отаны үшін түскендер,
Соғыс деген сұрапылды тоқтатты, - деп жырланатын 1941-1945 жылдардағы Ұлы Жеңіске 80 жыл толуы қарсаңында ерліктері ел ішінде көп айтылмай жүрген жерлестеріміз туралы тың деректер іздестірудеміз.

Иә, олардың бәрі батыр болатын, арнайылап «Батыр» атағын бермесе де әрқайсысы Отаны, ауылы, аймағы үшін жан алып, жан берісті, қан кешті. Өкініштісі, майдангерлердің бәрі дерлік арамыздан кетті, қазір сол ардагердің ұрпақтары, сол соғыстың балалары, тыл еңбеккерлері ғана қалды. Бүгінде сол бір ерлік дастанын көп ұрпақ біле бермейді екен, аталары мен әкелері туралы деректерді там-тұмдап қана тауып жүрміз. Көп деректер осылайша жойылып, көп тарих осылайша ұмытылды.
Бүгінгі әфсана жерлесіміз Сейсенгужин Сағидолла Балқожаұлы туралы болмақ. Бұл туралы деректерді ауданымыздың тұрғыны, өзі Сағидолла атамыздың інісінің баласы Сисенгужин Жұмақожа ағамыз әкеп табыстаған еді. Ерлікті елдің есінде қалдыру жолында белсенділік танытқан әрбір тұрғынымызға дән ризамыз.
Жеңісті жақындатқан жауынгер Башқұрт жерінде Көміртау ауданының Елкеней ауылында 1915 жылы дүниеге келген. 1941 жылы майданға алынып, әскери дайындықтан өткен соң ұрысқа кіреді. Сағидолла Балқожаұлы алғашқы күннен соғыс қимылы бір тынбаған, қанды ұрыстар күндіз-түні жалғасқан Сталинград майданына түседі және неміс әскері толық талқандалғанға дейін ұрыс қатарында жүреді.
Өзі екі иығына екі кісі мінгендей балуан бітімді жігіт болған екен. Әскерде барлаушы болған. Ол кезде барлаушылыққа әбден ысылған, әскери шеберліктің шыңына шыққан, қару-жарақтың да, айла-тәсілдің де түр-түрін меңгерген, қарулы қақтығыста да, қоян-қолтық төбелесте де алдырмайтын мыңнан біреуді таңдайды екен. Осындай мықтылығымен барлаушылық қызметке таңдалған.
Өзінің айтуынша әр жолы қауіптің ішінде жүрген, орысша білмегендігінен көп қиындық көрген. Бір жолы қыс ортасында бұлардың тобына жау ішінен «тіл» алып келу бұйырылады. 4-5 сарбаз түн қараңғысында бекініп жатқан қалың жаудың ортасына кіреді. Қапысыз күзеті бар бекініске жау кіре қояды деген ойы жоқ дұшпан әскері шеткі лашықта тойлап жатса керек. Әндеткен, улап-шулап жатырған әлгі лашықтан бір кезде шала мас біреу шығып, бұталарға қарай беттейді. Қажет кезде қапысыз қимылдаған бұлар «тілді» дыбысын шығармай басып қалады. Тез аяқ-қолын буып ала жөнеледі. Алайда сәл ұзамай дабыл көтеріліп, соңдарынан қуғыншы түседі. Қасындағылар қаша соғысып, серейген немісті арқалаған мұны оздырып жібереді. Көп жер ұзап шығып, арқасындағы немісті жерге түсірсе, онысы оқ тиіп жан тапсырыпты. Қанша күтсе де қалған сарбаздар келмеген соң, немісін арқалап бөлімге оралады. Мұндағылар оның бұл келісіне күдік танытып, «ерекше бөлімнің» («особый отдел») адамдары достарын жауға тастап, өлі немісті арқалап келді деген айып таға бастайды. Түсіндірейін десе тілі жетпейді, өзін ақтап ала алмай әбден қиналады. Сол кезде командирлердің бірі өліп жатқан немістің қар мен балшық баттасқан күпәйкесін шешіп қалғанда арғы жағынан офицер шенінің пагоны жарқ ете қалады. Содан дұрыстап қараса өлі «тіл» жау офицері боп шығады және қойнында планшеті бар екен. Әлгі планшетте осы арадағы бүкіл атыс қимылдарының жоспары мен картасы бар боп шығады. Осылайша өлі «тілі» тіріден артық «сөйлеп» керекті мәліметтің бәрін береді. Ал, Сағидолла Балқожаұлы осы жолғы ерлігі үшін «Сталинградты қорғағаны үшін» медалімен марапатталады.
Соғыстың өн бойында өз әскери бөлімінің қатарында ылғи алғы шепте жүрген. Дұшпанмен кескілескен шайқастың бел ортасында, жауған оқтың астында талай селолар мен елді-мекендерді, қалаларды азат еткен. Осындай көзсіз ерлік пен табанды ұрыс қимылдары үшін қатардағы жауынгер, барлаушы-атқыш Сағидолла Сейсенгужин «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталды. Соғысты Жеңіспен аяқтағаннан кейін де қызметін әскер қатарында жалғастырып, елге 1948 жылы ғана оралады. Әуелі Башқұрт елінде шопан боп жұмыс жасайды, кейін сол елдің Сандин ауылына көшіп келеді. 1984 жылы отбасымен Қазақстанға, Шыңғырлау ауданының Алмазный ауылына қоныс аударады. Мұнда көп жылдар шопан болады. Зейнетке шыққаннан кейін астық бастыру, қырман күзеті сынды қол күшін, жұмыс күшін жұмыстардан қалмай жұмыс жасайды.
Жылдар барысында «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденімен, «КСРО Қорғаныс Күштерінің 30 жылдығы», «1941-1945 жж.ҰОС Жеңістің 30 жылдығы», еңбектегі жетістіктері үшін «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен, Жеңістің мерейтойларына орай 7 мәрте мерейтойлық медальмен, 1974 жылы «Социалистік жарыс жеңімпазы» төсбелгісімен марапатталады. Бірнеше мәрте Құрмет грамоталарымен марапатталып, өз саласының үздігі ретінде суреті «Құрмет тақтасы»-нан түспеген. Ауыл-елге сыйлы, аса қарапайым адам болды. Жастығы жаумен арпалыста, кейінгі ғұмыры еңбекпен өткен жауынгер Сағидолла Сейсенгужин атамыз 1994 жыл қайтыс болып, Алмаз ауылының зиратына жерленеді.
-Әкеміздің туған ағасы еді. Інісі-біздің әкеміздің жасы армияға жетпей біздің әулеттен Сағидолла ағамыз соғысқа алынған. Өте қарапайым, іске шапшаң, жұмысқа мықты адам еді. Өзінен екі қыз, бір бала болды, бірақ солардан жалғыз Зухра деген қызы қалды, ол қазірде мынау іргедегі Соль-Илецк қаласында тұрады. Батыр ағаның ерлік жолы мен еңбектегі өнегесі бүгінгі бізге үлгі боп қалды,- дейді Жұмақожа аға.
Ерлік ұмытылмауы тиіс. Өйткені бұл ерліктер елдің елдігін сақтап қалған, бейбіт өмірге жеткізген ұлы Жеңістің тарихы!
Қаршыға Асу
Шыңғырлау ауданы