Бөкей ордасы ауданы әкімінің жүлдесі үшін волейболдан дәстүрлі халықаралық турнир өтті. Алдымен командалар сап түзеп, екі елдің Әнұраны шырқалды.
Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов делебені қоздырып, рухыңды оятар спорттың адам өмірінде алар орны жайында сөз қозғап, күн райының қолайсыздығына қарамастан, алыстан ат терлетіп жеткен командаларға алғысын айтып, жарыстың сәтті өтуін тіледі.
Ресейдің көршілес Басқұншақ кентінен келген «Локоматив» командасының капитаны Владимир Ткачев осынау халықаралық турнирге шақырғандары үшін бөкейліктерге алғысын білдірсе, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілеген Арыстанбеков те өз лебізін жеткізді.
Жарыстың бас төрешісі Нұрлыбек Жахатов ойын тәртібін түсіндірген соң, Жаңақала, Қазталов, Бөкей ордасы (екі команда) аудандары мен ресейден келген командалар ойынды бастап кетті. Жарысты тамашалаушылар додаға түскен волейболшыларға жалынды сөздерімен дем беріп отырды.
Айта кетелік, алғашқы боп шаршы алаңға жаңақала мен қазталовтық ойыншылар шығып, жаңақалалық спортшылар әп дегеннен басымдықтарын байқатты. Ал, соңғы партияда жаңақалалықтар мен бөкейлік командалар шаршы алаңға шығып, нәтижесінде көрші ауданның командасы жерлестерімізді айқын басымдықпен ұтты. Сәлден кейін, шешуші кезең де қорытындыланып, жүлделі командалар анықталды.
Жарыс аяғында аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов осынау қызықты ойын түрін көрсеткен команда мүшелеріне алғысын айтып, бұл жорықта өзгелерге дес бермеген жаңақалалық волейболшыларға турнир жүлдесін (кубок) табыстады. Бөкейордалық қос команда жүлделі ІІ-ІІІ орындарды өзара бөлісіп, қалған командаларға ынталандыру сыйлығы бұйырды. Сондай-ақ, Нұрлыбек Жахатов – үздік төреші (Бөкей ордасы), Данияр Бәкішев – үздік шабуылшы (Бөкей ордасы), Ерсін Бекқалиев – үздік байланыстырушы (Қазталов), Нұрлыбек Сүпығалиев – үздік қорғаушы (Жаңақала), Николай Ткачев – үздік спорт ардагері (Ресей) және Руслан Чатаев – үздік ойыншы (Ресей) аталымдарын иеленді.
Гүлнар ҚАДЫРОВА
Бөкей ордасы ауданы