Соңғы жылдары елімізде жер мəселесіне қатысты дау жиі туындап жүр. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында түйткілді мəселенің нүктесін қойғандай-ақ. Жолдаудан туындайтын міндет те аз емес екені мəлім. Дегенмен Казталов ауданында жер мəселесіне қатысты жұмыс біріздендіріліп, Жолдаудан туындайтын міндеттер жүйелі түрде шешімін тауып келеді. Халық үніне құлақ түрген мемлекет тарапынан атқарылып жатқан бірқатар жұмысқа куə болдық.
Ауданымыздың жалпы жер көлемі 1 860 581 гектарды құрайды. Оның ішінде: елді мекенге тиесілі жерлер – 220 338 гектар, өнеркəсіп жерлері – 5006,3 гектар, су қорының жерлері – 13 414,2 босалқы жерлер – 616 799, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер – 1 005 023 гектар. Ауыл шаруашылығы саласының дамуында маңызды рөл атқаратын жер мəселесіне қатысты атқарылып жатқан жұмыс пен Жолдау жүктеген міндеттердің орындалуы барысын білу үшін Казталов аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Назар Аманғалиевті əңгімеге тарттық.
– Ауданымызда ауыл шаруашылығы саласы жылдан-жылға дамып келеді. Қазіргі таңда 679 агроқұрылым тіркеліп, олардың пайдалануындағы жер көлемі 1 млн. га жетті. Сонымен қатар елді мекендердегі ауыл тұрғындарының жеке ауласындағы ауыл шаруашылығы жануарларының бағымын ұйымдастыру мақсатында 40 ауылшаруашылық өндірістік кооперативі құрылып, соның ішінде 15 АӨК-не 25 747 гектар жер учаскесі жалға берілді. Аймақта шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін ауданның босалқы жер құрамынан жер учаскелері конкурс арқылы жалға берілуде. Биыл 72 269 гектарды құрайтын 103 жер учаскесі конкурсқа шығарылды. Оның ішінде конкурс арқылы 100-і ойнатылып, 72 105 гектар жер учаскесі пайдаланушыларға жалға берілді. Жаңадан ашылған 26 шаруа қожалығына 22 478 гектар жер учаскесі жалға берілді, – деді бөлім басшысы..
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі жəне жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында мал азығы мəселесіне тоқтала отырып, «Ғарыштық мониторинг жəне қашықтан зондтау мүмкіндігін кеңінен қолдану керектігін» атап өткен болатын. «Ауа райының қолайсыздығы мал шаруашылығында түйткілді мəселелер бар екенін көрсетті. Біз жедел шара қабылдап, жем-шөп тапшылығына байланысты ахуалды реттедік. Дегенмен бұл салада əлі де жүйелі жұмыс атқару керек. Жем-шөп дайындауға қажет жер көлемін кеңейткен жөн. Сондай-ақ егіс алқабына əр жылы əртүрлі дақыл егу талабын сақтау үшін тиісті бақылауды күшейткен абзал. Ғарыштық мониторинг жəне қашықтан зондтау мүмкіндігін кеңінен қолдану керек. Жайылымдық жерді тиімді пайдалану да өте маңызды. Қазір мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр. Өйткені мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдар иеленіп алған. Тіпті оны адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастаған» деді Мемлекет басшысы. Президент тілге тиек еткен ғарыштық мониторинг жəне қашықтан зондтау мүмкіндігін кеңінен қолдану мақсатында Qoldau. kz электронды порталы іске қосылған. Qoldau.kz – агроқұрылымдардың жер учаскелері мен мал саны туралы мəліметтерді қамтиды. Аталған электронды портал арқылы биыл ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерге мониторинг жүргізіліп, нəтижесінде жер учаскесін нысаналы мақсатына сай пайдаланбай отырған жəне иелігіне өсіріп отырған малын тіркемеген 116 шаруа қожалығы анықталған.
Жер қатынастары бөлімінің басшысы бастап, мамандар қостап жүргізген түсіндіру жұмысының қорытындысына сай, 71 шаруа қожалығы иелігіне малын тіркетіп, жер учаскелерін қайта игеруге кірісті. Ал 10 200 гектарды құрайтын 13 жер учаскесі мемлекет меншігіне кері қайтарылса, қалған 26 359 гектарды құрайтын 32 жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару жұмысы жүргізіліп жатыр.
Мақсатына сай пайдаланбаған жерлер мемлекет меншігіне қайтарылса, жергілікті тұрғындар үшін тиімді болмақ. Малға жайлы жайылым мен «кəрі құданың» келуіне сақтап қояр азыққа қолымыз оңай жетері анық. Əйтсе де мал азығы тапшылығы бос жатқан жерге ғана емес, ауа райының қолайсыздығына да байланысты болып отыр. Бұл жөнінде бөлім басшысының берген жауабы мынадай: «Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 20 ақпанда қабылданған «Жайылымдар туралы» Заңына сəйкес, 16 ауылдық округтің əкімдері жергілікті қоғамдастық алдында жайылымдарды басқару туралы өз есебін берді. Алайда елді мекендерде мал санының жылдан-жылға көбеюіне байланысты жайылым жетіспеушілігі байқалып отыр. Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауында аталған жем-шөп дайындауға қажет жер көлемін кеңейту мəселесі бойынша Казталов ауылдық округіне қарасты Қоныс, Бозоба, Қарасу ауылдық округіне қарасты Жұлдыз, Бостандық, Қараөзен ауылдық округіне қарасты Жас елді мекендерінің шекарасын кеңейту жұмысы жүргізілу үстінде. Ауыл тұрғындарының жеке ауласындағы малын азықпен қамтамасыз ету үшін 2022 жылы Казталов жəне Бостандық ауылдарының шекарасын кеңейту жоспарлануда».
Жер мəселесінде тек жайылым мен шабындықтың ғана емес, тұрғын үй салу үшін керек жерлердің де «жыры» жырланады. Танысымызбен басымыз қосыла қалса, «Үй салуға жер керек еді» деген əңгімені естіп, «Ауданымызда осы мақсатта жер болмағаны ма?» деген ойда боласыз. Əйтсе де ауданымызда тұрғын үй салу мақсатында жерге тіркелген азаматтар саны азайып, кезегі жылжып, жұмыс жүйеленуде. Тұрғын үй салу үшін 72 адам жер кезегінде тіркелді. Биылғы қарашадан бастап дайын алаңдардан кезекте тұрған азаматтарға баспана тұрғызу үшін жер учаскелері біртіндеп беріле бастады. Осы жылы аукцион арқылы 1,131 гектарды құрайтын коммерциялық мақсаттағы үш жер учаскесінің жалдау құқығы сатылды. Сонымен қатар коммерциялық мақсат үшін 5,102 га құрайтын 16 жер учаскесі жеке меншік құқығына сатылған. Кезегіңіз бен жерге қатысты конкурс туралы ақпаратты 2020 жылдан бастап іске қосылған map.e-batys.kz геоақпараттық порталы арқылы білуге болады. Геоақпараттық порталда конкурсқа шығарылатын жерлер, ауданның босалқы жер қоры, су қоры, тыңайған жерлер, пайдаланылмай жатқан жерлер, аукционға шығарылатын жерлер жəне тұрғын үй құрылысын салу үшін жер учаскесіне кезекте тұрған азаматтардың тізімі туралы мəлімет енгізілген. Ал коммерциялық мақсаттағы жер учаскелерінің құқығын сату туралы хабарламалар gosreestr.kz электронды порталында жарияланады.
Жер мəселесі – ел мəселесі. Қосөзен елінде Президент Жолдауынан туындайтын жер қатынастары бойынша атқарылып жатқан жұмыс легі осындай. Осы қарқынмен алға қадам баса берсе, халықтың «Малға азық қайдан табамын?» деген сұрағына жауап та табылар еді. Сəйкесінше, Мемлекет басшысы атап өткен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іргесі қаланып, мығым болатыны сөзсіз.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz