19.07.2022, 17:45
Оқылды: 44

«Жерді алса, неге жұмыстанбайды?»

Бөкей ордасы ауданының басшысы Нұрлыбек Даумов және аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлім басшысы Сүйінбек Хайроллин Шоңай ауылының аумағында орналасқан шаруа қожалықтарға арнайы барып, жағдайларымен танысты.

13

Жұмыс сапарының басты мақсаты шабындық барысымен танысу болса да,  оңтайлы сәтті пайдаланған қожалық иелерінің аудан басшысына  айтарлары көп болды.

- Биыл шөп көлемі қуантарлықтай. Жылдағыға қарағанда тым тәуір. Бірақ жер көлемі мәселесін көтергім келеді. Қазіргі таңда қожалығымызда 300-ге жуық ірі қара бар. Жайылысқа жер болса шабындыққа жер жоқ. Ал қасымызда орналасқан жерге шабындыққа түсейік десек, қожайындары жетіп келіп, «сотқа берем немесе 1000 орама шөптен кем дегенде 30%-ын бер!» деп байбалам салады. Бірақ сол жер иесі еш кәсібін жүргізбеуде. Тек кезінде жерді алып алған болмаса, не шаруашылығы, не үйі салынбаған. Бұл сұмдық қой. Шаруасын жасамайтын болса, неге ол жерді тапсырмайды? – деді «Бақтығали» ШҚ-ның уәкілі Бақытжан Қарашев.

16

«Жанұзақ» ШҚ жетекшісі Абай Дүйсемалиев те осыған ұқсас мәселемен жүгінді.

– Жалпы жер мәселесі күрделі жағдайлардың бірі. Қазірігі таңда мыңға жуық гектар жерім бар. Бірақ ол жер екіге бөлінген. Ортасында басқа кісіге берілген. Қазіргі таңда ортада жатқан жерде ештеңе салынбады. Тек қожайыны бар. Ал ертең ол жерге шаруа қожалық құралатын болса үлкен дау көтеріледі ғой. Тиісті жер шекарасын мал кесіп жүрсе, айқай болатыны анық. Осыны айта отыра, ұсыныс бар еді. Тиісті мекеме қызметкерлері жер аукционы болар алдында кабинетте отырып, тек картадан қарамай, қай жерде қандай шаруа қожалық барын көріп кетсе екен. Ол шаруа қожалықтың қарқыны қандай? Өсетін, нақты шаруасын қолға алып жатырған қожалық болса, қасында жер қалдырса екен деген ұсыныс бар. Малдың бір бөлігін бір аумақта, бір бөлігін екінші жерде ұстау қиынға түседі ғой, – деді қожалық жетекшісі.

Сонымен қатар, қожалық жетекшісі болашаққа деген жоспарымен бөлісті. Абай Дүйсемалиевтің айтуынша, қазіргі таңда 300-ге жуық ірі қарасы бар екен. Оған қоса тағы екі үйір жылқысын алып келу мақсатында бар екенін айтып жеткізді. Ендігі кезде асыл тұқымды ірі қараға қызығушылығы бар екенін айтқан Абай Дүйсемалиев жер конкурсына түсетінін де айтып қалды. Қожалық жетекшісінің айтуынша, қазіргі таңда ірі қараны асыл тұқымдандыру жұмыстарына қаражаты да, ниеті де бар екенін айтты.

Өз кезегінде аудан басшысы жер мәселесі бойынша заң талаптарымен таныстырып, сауалдарына егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті.

- Қазіргі таңда мораторияға байланысты тексеріс жұмыстарын жүргізе алмаймыз. Қолымыз байлаулы. Жалпы тексеріс жұмыстарын қолға алу үшін міндетті түрде шағымданушының арызы қажет. Дегенмен өтініштеріңізді ескеріп, міндетті түрде тиісті мекеме қызметкерлеріне тапсырма беріп, бақылау жұмыстарын қолға алатын боламыз, – деді Нұрлыбек Даумов.

17

Сонымен қатар аудан басшысы «Жанұзақ» ШҚ жетекшісі Абай Дүйсемалиевтің жұмыс қарқынына ризашылығын білдірді. Аудан басшысы аталмыш шаруа қожалықтың Сайқын ауылдық округіндегі  жұмысы ең қарқынды қожалықтардын бірі екенін айтып, болашақ жоспарларының іске асуына сәттілік тіледі.

Жалпы аудан басшысының жұмыс сапар барысында «Бақтығали», «Ильфат», «Отан», «Қабдолла» және «Жанұзақ» шаруа қожалықтарының жұмыс қарқынымен танысты.

Еркебұлан Бисенғалиев,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале