7.02.2023, 17:30
Оқылды: 39

Жерді пайдалануды жоғарыдан бақылайды

Жер мемлекеттің басты байлықтарының бірі. Мемлекет меншігі. Бүгінгі таңда Үкіметіміз осы байлықты тиімді, мақсатты пайдалану бағытында пәрменді жұмыстар жүргізуде. Республика көлемінде бос жатқан немесе мақсатқа сай емес пайдаланылып жатқан жерлерді мемлекетке қайтару мақсатында жер инспекторы платформасы әзірленіп, іске қосылған. Бұл платформа бойынша жерге қатысты деректерге талдау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ауылшаруашылық министрлігінің «жерді игер, болмаса мемлекетке қайтар» ұранымен жүргізілген тексерістердің барысында 2019 -2021 жылдар аралығында пайдаланылмай жатқан немесе мақсатқа сай   пайдаланылмай жатқан жерлердің 8,1 миллион гектары анықталған екен. Оның 3,4 милион гектары тексерістен кейінгі ескертуден соң жерді мақсатқа сай игере бастаған. Ал 2,1 милион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған.  Ел Президенті Қ.Тоқаевтың Үкіметке берген тапсырмасына сәйкес, биыл пайдаланылмай жатқан 5 миллион гектар ауылшаруашылық жері мемлекетке қайтарылады деп күтілуде. Осыған орай, аудандық жер қатынастар бөлімінің басшысы Алтай Әлиевпен сұқбаттасқан едік.

bbc0e7a4-5909-4394-9c56-ff201b90fff5Алтай Жеңісұлы, пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару бүгінгі таңдағы маңызды мәселе. Біздің аудан да осы жұмысқа белсене кірісіп, біршама шаруа атқарылғанын білеміз. Дегенмен, нақты мәліметтермен бөліссеңіз.

Біздің ауданымыз бойынша 2020-2022 жылдар аралығында аудандық жер қатынастары бөлімі мен ауыл шаруашылық бөлімі бірлесіп ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін мақсатқа сай пайдалану бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде пайдаланылмай жатқан 51184 гектар жер анықталды. Биыл пайдаланылмай жатқан бос жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып жатырмыз. Алынған жерлер қайта айналымға қосылып, аукцион арқылы мүдделі адамдарға беріледі. Жалпы бұл жерде біз тек тексеріп, жерді қайтарып алумен айналысады деген ой тумауы керек. Біз  жеке шаруа қожалықтары басшыларына тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жерге қатысты ҚР заңнамаларындағы соңғы өзгерістермен таныстырып отырамыз. Бұл да біздің қызметтік міндетімізге кіреді деп есептеймін.

Мәселен, бүгінгі таңға шаруашылықтар нені білуі тиіс?

- Шаруашылықтар ҚР Жер кодексінің 65-бабына және жер учаскесін жалға беру туралы шартына сәйкес, ауыл шаруашылық мақсатындағы шаруа қожалығын жүргізу үшін берілген жер учаскесін мақсатына сай пайдалануға міндетті. Сондықтан заң бұзушылыққа жол берген жағдайда, яғни ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін ұтымсыз пайдалану немесе пайдаланбағаны үшін (жер учаскесін игермеген жағдайда) ҚР Жер кодексінің 92-94 баптарына және ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 338-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы есебіндегі жерді  пайдаланбаған, не мақсатқа сай пайдаланбаған  жағдайда, Салық кодексінің 509-бабына сәйкес жер учаскелерінің базалық салық мөлшерлері 20 (жиырма) есеге ұлғайтылады. Ары қарай, жер учаскесі сот шешімімен мәжбүрлеп алып қойылған жағдайда болашақта ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін беру жөніндегі өткізілетін конкурстарға қатысу мүмкін болмайды  және ҚР Жер кодексінің 96-1-бабына сәйкес үш жыл бойы жер учаскелерін алуға тыйым салынады. Яғни айтқанда қайта аламын дегенше үш жыл күтуге тура келеді. Ал бұл дегеніңіз жермен айналысып отырған шаруашылықтар үшін аз уақыт емес.   

Жалпы, осы түсіндіру жұмыстарының нәтижесі көңіл қанағаттандыра ма? Жекелеген шаруашылықтар бойынша нақтылай кетсеңіз.

Жұмыс жүйелі түрде жүргізілуде. Жоғарыда айтылған 2020-2022 жылдар аралығында пайдаланылмай жатыр деп танылған  51184 гектар ауылшаруашылық жерін  жылдарға бөлсек:   2020 жылы – 11707,0 га жер, 2021 жылы – 8043,0 га жер, 2022 жылы – 11163,0 га жер мемлекет меншігіне қайтарылған екен. 20271,0 гектар (28 жер учаскесі) пайдаланбайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің иелеріне тексеру амалдарын жүргізу үшін Облыстық жер ресурстарын басқару департаментіне хат жолданды. Кейбір шаруашылықтар туралы жекелей тоқталып кетуге болады. Мәселен, Жарсуат ауылдық округінен З. Аминова 33 гектар жайылым жерінен өз еркімен бас тартты. Яғни пайдаланылмай тұрған жерді мемлекет меншігіне қайтарып берді. Сол сияқты  Қанай ауылдық округінен М.Мухамедзянов 355 гектар егістік жерді егін салмағандықтан өз еркімен қайтаруды жөн санаған. Сонымен бірге жерді не өзі пайдаланбай, не өзгеге мүмкіндік бермей отырғандар да баршылық. Оларға әлі бідің «дауысымыз» жетер емес. Мысалы, Бөрлі ауылдық округінің тұрғыны Т.Мұқашевтің иелігіндегі 300 гектар жайылым жер бүгінгі таңда бос тұр. Бірақ та бұл шаруашылықтың иесі жерді мемлекетке қайтаруға асығар емес. Қала іргесіндегі Пугачев ауылының  тұрғыны Т.Длимовтың иелігіндегі 500 гектар жайылым жерден  не оған, не ауыл тұрғындарына, не  мемлекетке пайда келіп жатқан жоқ. Жерді игеру, болмаса мемлекет меншігіне қайтару туралы тиісті орындардың ұсыныстары жауапсыз қалып жатыр. Аталған ауыл тұрғындарының  жыл өткен  сайын мал шығаратын, мал жаятын жерлері тарылып бара жатса да  міселе орнынан мызғымай тұр. Тізе берсе мұндай мысалдар баршылық. Басталған биыл бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса беретіні сөзсіз.

Интернет желісінен "бос жатқан жерлерді ғарыштан да бақылай алады" деген мәліметті көзіміз шалған еді. Осы заманауи технология біздің ауданға жетті ме екен?

-Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы министрлігі пайдаланылмай жатқан бос жерлерді мемлекетке қайтарудың жаңа тетіктерін іске қосып отыр екен. Солардың бірі де бірегейі Қазақстан «Ғарыш сапары» АҚ базасында ауылшаруашылық жерлеріне ғарыштан мониторинг жасау, оны жергілікті ақпаратпен салыстыра отырып мәліметтер әзірлеу. Біздің тілмен айтқанда, сөз жүзінде не қағаз жүзінде дәлелдеу аз. Енді жердің игеріліп, не игерілмей жатқаны космостан да бақыланатын болады. Алынған мәлімет бірден, автоматты түрде сол жердің қожасына, яғни шаруа қожалығына, сосын ауыл шаруашылығы департаментіне   жолданады. Және салық комитетіне аталған шаруашылықтың салығы 20 есеге ұлғайтылатыны туралы хабарлама түседі. Осы бағыттағы жұмыс пилоттық жағдайда басталып кетті. Қазіргі таңда біздің Бөрлі ауданы бойынша 8000 гектар жердің пайдаланылмай жатқанын осы спутник анықтап беріп отыр. Бұл жұмыс 2024 жылы толықтай аяқталады деп күтілуде.

Әңгімелескен Дариға Нұрашова,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале