6.09.2024, 15:45
Оқылды: 199

«Жердің әр гектары өндіріс көзіне айналуы тиіс» – депутат

Жер мәселесі – жер-жерде және еліміз бойынша аса өзекті. Бүгінге дейінгі жылдар белесінде жеке кәсіпкерлерге, шаруа қожалықтарына, жекелеген адамдарға жергелікті атқарушы органдар тарапынан шаруашылық, жайылымдық, егістік жер телімдері беріліп келді. Әрине, шаруашылық ашамын, егін егемін деп отырған ауылдағы ағайынға мемлекет бар мүмкіндікті жасап келді, қанша көлемде аламын десе де мүмкіндігі болды.

EE7B49F5-16A3-4EE1-BCB9-EE06077ED6ED

Алайда бұл жағдайдың да келеңсіз тұсы көрініп қалды. Яғни, алған жерді пайдаланып, шаруасын өрбіткендер де бар, алған жерді не өзі пайдаланбай, не өзгеге бермей иен жерді босқа ұстап отырғандар да жетерлік боп шықты.

Осындай қараусыз, өңдеусіз, қолданусыз қалған жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару және оны қолынан іс келетін, мүмкіндігі мол кәсіпкерлерге, шаруашылықтарға немесе жекелеген адамдарға қайта беру жұмысы жүргізіліп жатыр.

Осы орайда Шыңғырлау ауданынаа Парламент Мәжілісінің депутаты, «Жер аманаты» республикалық жер комиссиясы төрағасының орынбасары Бақытжан Базарбаев іс-сапармен келіп, аудандық бөлім басшылары, жергілікті кәсіпкерлер және шаруақожалықтары басшыларымен кездесті.

Аудандағы жер беру мәселелерімен және қайтарылып алған жерлермен ендігі жұмыстану барысымен танысқан өкілетті мейман бұл сапардың негізгі мақсаты – халықтың мал жаятын жер көлемін ұлғайту және жер заңнамасының орындалуын қадағалау деп атап көрсетті.  

«Біз қазір жермен дұрыс жұмыс жасауды ұмыта бастадық. Жерге және жермен жұмыс жасайтын адамдарға деген құрмет, оларға деген қолдау мен қамқорлық аса жоғары болуы керек. Себебі, олар негізгі азық-түлік өндіруші, негізгі асыраушы күш. Жер бос жатпауы керек, ол үнемі қолданыста болуы тиіс. Жер үнемі пайда әкелуі керек. Ал бізде қалай, адамдар әйтеуір, қалайда конкурстан өтіп, жер алып алады, сосын ол жер бос жатады. Оған егін екпейді, ол жерде жұмыс жасамайды әрі кетсе біреуге жалға береді де, соның ақшасын алып отырады. Олай болмайды ғой, алдыңыз ба жұмыстаныңыз, дән егіңіз, тыңайтқыш салыңыз, өнім шығарыңыз. Олай жасамайды екенсіз жерді мемлекетке қайтарыңыз, жұмыс жасай алатын, өсіре алатын, еңбектене алатын басқа адам алсын да, сол жерден өнім алсын. Бір адамдар жер тексеруші инспекция келер кезде ғана көз қылып көрсетуге жерінің бір шетін жыртып, жұмыс жасаған сияқты ғып қояды және мұндай адамдар өте көбейіп кетті, мұндай көзбайлау бұдан былай болмайды. Не жермен жұмыс істейсің, не жерді мемлекетке қайтарасың. Ендігі талап осындай болмақ», - дейді Бақытжан Жұмабекұлы.

54CC37B8-5E07-45C4-A895-6006FBF78230

Еліміз бойынша жерлердің желмен кебуі коэфицентінің жоғарылығы, өңдеусіз жатқан соң керексіз арамшөптің көбеюі, жердің азып кету факторы жоғарылап барады екен. Яғни, тез арада түрлі мелиоративтік жұмыстар, жерді өңдеу, суландыру және нәрлендіру жұмыстарын мемлекеттік деңгейде қолға алмасақ, өте көп мөлшерде жерлерді шөлейттендіріп аламыз. Бұл үшін не керек? Жермен жұмыс жасау керек, мамандар керек, каналдар жүргізу керек, жерді жұмыс жасамайтындардан алып, жұмыстанатын адамдарға беру қажет.

– Әуелгіде жер 49 жылға берілді, егер адам 50 жаста болса, есептей беріңіз ол жер оған өмір бойына жетіп жатыр, жұмыс істесе сол жермен мейлі ғой, ол жер ешқандай өңдеусіз, ешқандай пайдасыз, жұмыс жасамайтын бір адамның меншігінде босқа жатыр. Ондайға енді жол берілмеуі керек. Ал қаншама адамдар жер алғысы келеді, ақшасын салып, өнім өндіргісі келеді, соларға жер тауып бере алмай жатамыз. Кейбір адамдар қолында қаржысы жоқ, бірақ жер алуға әкімдікке келеді. Ойланып көріңізші, не дән алатын ақшаңыз, не оны егетін, жерді жыртатын техникаңыз жоқ, не үшін жер аласыз? Мұны ойланып жасаған дұрыс емес пе? - дейді Мәжіліс депутаты. – Келеді де жерді тартып алады деген түсінік қалыптаспау керек, жер инспекциялары жермен нақты жұмыс жасай алатын, сол жерді үлкен өндіріс көзіне айналдыра алатын нағыз диқандар класын қалыптастыру, жерді шын мәніндегі иелеріне тапсыруды көздеп жүрміз,- дейді өкілетті қонақ.  

Аудан кәсіпкерлері мен мекеме басшылары да мәжіліс депутатына өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, нақты жауаптарын алды. Сапар барысында «Амангелды-Агро» ЖШС-ның егінжай алқабы өнімдері, жер пайдалану әдісі, шаруашылықтың жаңа технологияларды енгізудегі жетістіктері таныстырылды.

Қаршыға Елемесов

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале