Бұған дейін Шыңғырлау ауданына қарасты ақсоғымдық азаматтардың екі гектар жерге картоп еккендерін жазғанбыз. Өз алдарына жұмыспен айналысып, кәсіпкерлікті қолға алған тұрғындардың ісін көпке үлгі еткіміз келді. Айта кету жөн, сонау кеңестік кезеңдерде де әр ауылдың маңында өз бау-бақшасы өсіріліп, ауыл тұрғындары ұжым болып барып егіп, суарып, оны шөптеп, күз келе тонналап өнім алатын уақыт үлкендердің әлі есінде. Ондай үрдіс көбіне Шыңғырлау ауылдық округінде тұрақты болып келген. Осы аталмыш округке қарасты жер учаскесінде жылдар бойы бақша өсіру іске асырылып келеді. Әрине, бұрынғыдай шыңғырлаулықтардың барлығы бірдей ұжымдасып, жұмыстанды деуге болмас, әйтсе де ынта мен ұйымшылдық биыл да көрініс тапқаны рас. Әрі ауылдастарымыздың тамақ мәзіріне азды-көпті тегін, ешбір химиялық қоспасыз, экологиялық таза өнім тұтуға себепші болғаны рас.
Соның ішінде Ақсоғым елді мекені маңында картоп өсірген Диана Абдуғалиева және Кенжебек Қалмұхамбетов міне енді, жаз бойғы еңбектерінің жемісін де көріп отыр.
- Көптен соқа тимеген тың жердің көбесі сөгіліп, жер жаңарады. Оның үстіне картоп егу кім-кімнің де қолынан келеді десек те, еккеннен гөрі сатып алуды әдетке айналдырып алған тұрғындарға бұл да бір серпіліс бергендей ме, қалай? Негізі осындай іске адамдарды көптеп тарту керек. Әсіресе жас отбасыларды. Олар тағамның қайдан, қалай өндірілетінін, қандай еңбекпен дастарханға түсетінін білгені жөн. Өзіміз кішкене кезімізде әке-шешемізбен барып, бақшаның арам шөбін жұлып, терім кезінде үй-ішімізбен барып жинап алатынбыз. Осындай үрдістер тек өнім өндіру ғана емес, жастарымыз үшін тәрбиелік мәні зор жұмыс, - дейді ақсоғымдық үлкендер жағы.
Картоп еккен Кенжебек Қалмұхамбетовтың айтуынша, жер танабына отырғызған картопты бірнеше рет суарған, әрі жаз бойы жақсы жауған жаңбырдың да пайдасы тиіпті.
Нәтижесінде 2,5 тоннадай өнім алып, бүгіндері ауыл халқына сатылымға шығарған. Шыққан өнімін құмынан тазалап, іріктеп 10 және 25 келілік қаптарға салып, күн сайын орталық базарға әкеліп, өткізіп жүр. Әр келесі 150 теңге тұратын картоп шыңғырлаулықтар арасында жақсы сұранысқа ие. Әзірге 2,5 тонна картобын өткізіп алып, қалған жер теліміндегі өнімін жинап алмақ. Сонда барлығы 4 тоннаға жуық өнім алынатынына сенімді. Қиындықтан қорықпайтын ақсоғымдық Диана мен Кенжебек келесі жылы бұдан да көбірек өсіріп және басқа да бақша өнімін көбейту ойында бар екен.
Айсұлу Амангелдіқызы,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz