5.04.2017, 17:43
Оқылды: 54

«Жергілікті аңшылардың өкілеттілігін кеңейту керек»

Бүгін Сырым ауданы әкімінің орынбасары Төлеген Төреғалиевтің төрағалығымен өткен жиында жергілікті аңшылар осы мәселе аясында ой қозғады.

Сырым аудандық аңшылар мен балықшылардың қоғамдық ұйымы 2013 жылдан бері жұмыс жасайды. Өкінішке орай, ұйымның белсенділігі төмен.

Соңғы уақытта қадағалаудың төмендігінен ауданның жануарлар дүниесіне заңсыз қол салатындардың қатары артып кетті. Мылтық атқанға мәз болып, қарайған аңды қыра беретін қазақтың бай-бағландары мен басшы-қосшылары біткендей, Сырым ауданындағы тоғайлар мен ормандар кейінгі кездері Самара, Саратовтан асай-мүсейлерін тиеп келіп, апталап жататын орыстардан да босамай кетті. БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Серік Мәженов қалыптасқан жағдайға байланысты аудандағы аңшылардың пікірін сұрады.

Тәжірибелі аңшы Махмет Қажиахметов аңшылардың өкілеттілігін кеңейту керек деп есептейді.

- Ауылдың аңшысы қаскөйлікке барған емес. Қаскөйлік келімсек аңшылардан келеді. Ауылдың аңшылары оларға ескерту жасауға ғана құқылы. Ал бізді кім тыңдап жатыр? Сондықтан жергілікті аңшыларға өз аймағына сөзін жүргізе алатындай құзірет керек,- дейді ол.

Жиында осы және өзге де мәселелер сөз болды. Алдағы уақытта ауданның аңшылары мен балықшылары бұл мәселелер жөнінде тағы да бас қоспақ.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале