23.08.2024, 21:30
Оқылды: 145

«Жергілікті азық-түлік өнімдерін ҚПО-ға ұсынатын боламыз»

Бейсенбі күні облыс әкімі Нариман Төреғалиев бәйтеректіктермен жүздесіп, өңір әлеуетін баяндап, аудан әкімі Марат Тоқжановпен бірге ел алдында есеп берді.

IMG_20240823_194813_373

Аймақ басшысының сөзінше, биылғы жеті айдың ішінде өңір экономикасы алға басқан. Ескерер жайт, көктемгі су тасқыны салдарынан жол, мәдениет үйлерін жөндеуге қарастырылған 18 млрд теңге қаражаты апат зардабын жоюға бағытталған. Ал бұл өз кезегінде жоспарлы жұмыс динамикасына әсер етпей қоймады.

Аграрлы аудан саналатын Бәйтеректе астық өндірісін өрістетіп, ет, сүт өнімдерін қайта өңдеу, тамшылатып суару технологиясын қолданып, жеміс-көкөніс дақылдарын өсіру, жылыжай шаруашылықтары, көкөніс сақтау қоймаларын, құс фабрикаларын, бордақылау алаңдарын іске қосу, асыл тұқымды мал сатып алу, кооперативтер құру ісі бірінші кезекте тұр. АӨК дамытудың ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде биыл аудан бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 263,078 мың га жеткен. Күні бүгін дәнді дақылдардың 81 101,1 гектары жиналып, келер жылы 55 мың га күздік дақылдарды егу жоспарланған. Жиым-терім жұмыстарына арзандатылған 3 897,1 тонна жанар-жағар майға өтініш берілсе, бүгінде бірқатар шаруашылықтар қол жеткізіп үлгерген. Далалық жұмыстарды жүргізу үшін диқандар 1399 бірлік техникамен қамтамасыз етілген.

Жиын барысында аудан бюджетінің игерілуімен қатар қаржының қанша пайызы қай салаға мақсатты бағытталғанын баяндаған аудан әкімі негізінен тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін мәселелерге тоқталды. Соның бірі – ауылдық клубтардың құрылысы.

IMG_20240823_194706_203

- Щапов ауылындағы клубты биыл толық аяқтау жоспарланған. Көшімдегі мәдениет үйін қаржының бөлінуіне қарай алдағы жылы жалғастыратын боламыз. Екінші өзекті түйткіл – ескірген білім ұяларын біртіндеп жаңарту. Бүгінгі күні Достық пен Байқоныс ауылдарында екі жайлы мектеп бой көтеруде. Білім нысандарын желтоқсан айында аяқтау көзделіп отыр. Келесі жылы Володарда 300, Озерный ауылында 108 орындық мектепті бастау кезекте тұр. Бұдан бөлек халыққа ыңғайлы жағдай туғызу үшін қатқыл табанды жол тарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асуда, - деді Марат Лұқпанұлы.

Ал ауыл халқының тұрмысын тіктеп, әлеуетін арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасының облыста жүзеге асу барысын айтқан облыс әкімі қазіргі күні табиғи өнімдерді іркіліссіз өткізу мәселесі шешімін табуда екенін жеткізді.

IMG_20240823_194804_686

- «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында былтыр республикалық бюджеттен бөлінген 6,4 млрд. теңге кредиттік қаражатқа 992 адамға несие беріліп, 1 136 жаңа жұмыс орындары құрылды. Облыста 264 ауылшаруашылық кооперативтері жұмыс істейді. Соның ішінде, өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 49 кооператив 995 млн. теңге көлемінде несиеге қол жеткізді. Ағымдағы жылы 6,9 млрд. теңге жоспарланса, күні бүгін 1,0 млрд. теңгесі бөлінді. Қазіргі таңда «Ауыл аманаты» бағдарламасымен кәсіп бастаған тұрғындар мен АШӨК құрғандардың өнімдерін сатып алу үшін ҚПО б.в. компаниясының бас директорымен меморандумға қол қойдым. Болашақта БҚО-да өндірілетін азық-түлік өнімдерін ҚПО-ға ұсынатын боламыз. Сондай-ақ жол, мәдениет үйлерін жөндеуге қарастырылған қаражатты көктемгі су тасқыны зардабын жоюға жұмсауға тура келді. Тасқыннан зардап шеккен 3000-нан астам отбасы жаңа баспанаға қол жеткізеді. 775 тұрғын үй салудамыз. Оның 54-і Бәйтерек ауданында, -деді Нариман Төреғалиұлы.

Айту керек, Бәйтерек ауданында тасқыннан зардап шеккен 423 адамға 156 млн теңге қолдау қаржы берілді. Соның ішінде саяжайларды жөндеуге 177 миллион теңге бөлінген. 307 мүліктік шығын өтеліп, ауыл шаруашылығы жануарларына үшін де 6921,6 мың.теңге төлем төленді.

Өңір басшысы экологиялық түйткілдерге де тоқталды. Әсіресе, ауыл-аймақтағы қатты тұрмыстық қалдықтар мәселесі күрделі. Айту керек, бұл облыс бойынша өткір тұр. Қазіргі таңда осы бағытқа инвестор тартылып, жер беріліп, тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт салу ісі қарастырылуда. Бұл сәтті жүзеге асса болашақта кәріз жүйесінен шыққан сарқынды суды қайта өңделіп техникалық су ретінде пайдаға жарап, егіс алқаптарына қолдануға мүмкіндік туады. Бұл бағытта шетел тәжірибесі негізге алынған. Ауқымды қаржыны қажет ететін тиімді жоба Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» акциясы аясында жүзеге аспақ.

IMG_20240823_194705_310

Есептік кездесуде тұрғындар тарапынан жарық, жол, мәдениет үйінің құрылысы, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша сатылатын өнімдерді патенттеу және жалға берілген тұрғын үйлерді жекешелендіруге қатысты бірқатар сауалдардар түсті.

Жиын соңында облыс басшысы жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Гүлжаз Баделова,

Бәйтерек ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале