Мемлекет басшысының ұсынған саяси реформаларының бірі – ауыл әкімдерін халықтың белсенділік жағдайында тікелей дауыс беру арқылы сайлауы. Қазыналы қариялардың да, жастардың да қалауы – ауылдың гүлденуі, халықтың тұрмыс-тіршілігінің алға басуы.
Кандидаттардың сайлауалды бағдарламаларымен жіті танысқан сайлаушылар дауыс беру кабинасында көп бөгелмей өз таңдауларын жасауда. Үлкен жауапкершілікті қажет ететін, халықтың сенімінен шығатын сөздің емес, істің адамы кім болмақ? Не күтеміз? деген сұрақ бәрін мазалайтыны анық.
- Ауыл әкімін халықтың өзі сайлауы дұрыс шешім. 90 жылдан астам тарихы бар ауылымызда әлі де шешілмеген күрмеулер бар. Енді ауыл тізгінін қолға алатын жаңа әкімге артар сеніміміз көп, халықтың сөзіне құлақ асып, өздерінің сайлауалды бағдарламаларын аяқасты етпей іске асырса деген үмітпен өз таңдауымды жасадым, - дейді ауыл тұрғыны Райса Ахонқызы.
- Өз таңдауымды жасадым. Енді жылдан жылға ауылымыз алға адымдап келеді. Жаңа сайланатын әкімнен ауылды заман талабына сай дамытуға күш жігерін салады деген сенімдеміз. Ауылішілік жолдарды салу қолға алынса, жұмыссыздық азайса, айта берсе өмір болғаннан кейін қажеттіліктер бола береді ғой. Бастысы халыққа жақын болсын, - деп тілегін жеткізді Аманжол Ибрашев есімді азамат.
Сайлау учаскесіне дауыс берушілердің қатары көбеюде.
Кімнің аты оза шапса да, халық деген ұғыммен жұмыс істеп, сенім ақталса болғаны.
Зара Жардемова,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz