14.05.2024, 14:30
Оқылды: 69

Жеріміз бір, желіміз бөлек. Шолаққатыдағы электр желісі жөнделе ме?

Сырым ауданындағы электр торабы не үшін ауданға қарасты Шолаққаты ауылдық округінің аумағында жөндеу, ақауларды қалыпқа келтіру жұмысын атқармайды?! Тоғанас неге бөлек? деген сауал қойды бүгін шолақаңқатылықтар әкіммен болған есептік жиналыста.​

IMG_0786
Халықтың сауалы орынды. Себебі Шолақаңқаты және Алғабас ауылдық округтері Сырым ауданының орталығындағы электр торабы мекемесінің қызмет аумағынан тыс жатқаны рас. Қос округ Ақжайық электр торабына қосылған. Елдің сұрайтыны - тозған желілер ауданмен бірге жаңартылғаны, жарық таратудың үздіксіз жүргізілгені.​
Ақжайық электр торабының Тоғанас шеберлік учаскесінің шебері Жұмағали Молдашевтің айтуынша, істе ілгерілеу жоқ емес. Биыл Аңқаты ауылына баратын 10 Квт әуе желісінің бойындағы тозған 12 бағана жаңартылған. Құспанкөлге жарық таситын екі тіреу ауыстырылған.​
- Ауыл ішіндегі трансформаторлардың да қауіпсіз болуын қадағалаудамыз. 10 КТП - ның бесеуіне жаңа, талапқа сай қоршау орнатылды. Тоғанас ауылының ішіне қажетті 0,4 Кв желінің бойындағы 120 бағананы сымымен бірге ауыстыруға ұсыныс берілді, - дейді учаске шебері Жұмағали Молдашев.​
Халықпен кездесу жиынында тұрғындар салықтық түсімдердің округ бюджетіне пайдасы туралы сұрады. Сұраққа округ әкімі Ерлан Журалиев жауап берді.
 Қазіргі округ шаруаларының жиналысқа келіп, жайылып отыратын уақыттары жоқ. Бәрі егін басында. Жалпы ауыл еңбекке үйір. Оның жарқын көрінісі - халықтың табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы аясында 26 шолақаңқатылықтың жобасы мақұлданғаны. Олар жалпы көлемі 211, 5 миллион теңге несие алды.​
Тағы бір ерекшелігі - Шолақаңқатыда екі бірдей қымыз цехы жұмыс істейді. Сегізүйде сауылатын саумал, ашытылатын қымыз қала басындағы сауда үйлерінің сөрелерінде тұр.​
Кездесуде Ерлан Журалиев 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған шаралар туралы баяндады. Жиынға Сырым ауданы әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев, Сырым аудандық мәслихатының төрағасы Шынар Дүйсенғалиева және сала басшылары қатысты.​
Жиналыстан кейін халық үшін жеке мәселелер бойынша қабылдау болды.
Бауыржан Ширмединұлы,​

Сырым ауданы

zhaikpress.kz
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале