16.09.2021, 12:17
Оқылды: 44

Жеріміз – бойтұмарымыз, құндылығымыз

Жер қатынастарына байланысты түйіндер елде қордаланып отырғаны мәлім. Оны шешпейінше, ауыл шаруашылығының жай-күйі заман талабынан кейін қалады, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Жолдауында осыған қатысты алға қойылған міндеттер, сайып келгенде, тағдыршешті міндеттер болып табылады.

60b744311a964711436236

Елімізде жер өңдеу мәдениетін өзгертіп, жаңа ғылыми, технологиялық жетістіктерді пайдалану, мал өсірудегі дәстүрді жаңғырту жайында Елбасының «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында баяндалған еді. Алайда бұл мақсаттан кешігушілік бар, «сеңнің» қозғалуы шамалы-ақ. Аграрлық ғылымның дамуы ойдағыдай деп ешкім айта алмайды, кәсіби мамандар тапшы. Ал жайбарақат жүре беруді күтпейтін уақыт өз талабын үсті-үстіне ұсынуда. Шындығында, айталық, жайылымның ауылдықтарға қолжетімді болмауы дегенің бір жағынан ақылға қонымсыз ғой. Жер – бұл бізге бәрінен қымбат, тәуелсіздігімізбен бірдей, ұлттық ең негізгі байлығымыз емес пе?! Ендеше ауыл тұрғыны өз малының жайылысы жетіспеуінен неге уайым шегуі тиіс? Алқаптарды әнеу жылдары жамбасына басып алған біреулер, ықпалдылар бары жайында әңгіме де жайдан-жай айтылып жүрген жоқ. Енді соның заңды-заңсыздығын ықтиятты анықтайтын кез жетті. Не де болса, бір жағына шығу керек.

Президентіміз осы жылдың басында Үкіметтің кеңейтілген отырысында елде 46 млн га. жайылым бос жатқанын айтып, 2021 жылдың соңына дейін Үкіметке Бас Прокуратурамен бірге қайтарып алуды тапсырған еді. Жұртымыздың бір үміті осында. Әйтпесе, малы бардың бағатын алқабы жоқ, ал алқабы бардың малы жоқ күй кімге керек деңіз.

Қоғамдық формация өзгере бастаған өліара шақта жер қатынастарында жіберілген талай мәкілікті түзететін уақыт осы. Қараңыз, бір кесірден бір кесір шығады емес пе:  мал иесінің жүктемесін ескермей, мал жаю ережелерін шекеге ілмей ауылдар маңының шаңын шығарып, одан келіп, зоогигиеналық жай-күй күрделенді, түліктер ауруы көбейді. Ойбай-ау дейсің, біздің оқып тоқығандарымыз ата-бабаларымыздың ауыспалы жер технологиясын пайдаланғанын білмегені ме? Аға ұрпақ ауыл төңірегін, мысалы, жусанды өрістерді жазда малға таптатпаған, есесіне, күзде жусанда бағылған түлік иммунитеті көтеріліп, қыста күйі қашпайтынын білген. Бұл таңда көп ауылдарда зооветеринарлық талаптарды сақтау бірден жөнге салынады деуге ертерек, бірақ жайылым мәселесін күн тәртібіне өткір қоюды жеделдеткен жөн. Осы орайда, әлбетте, ауылдық округ әкімдерінің алымдылығына, арындылығына көп нәрсе байланысты. Олар алдымен «Жайылымдар туралы» Заңды (20 ақпан, 2017 жыл) тұрғындардың оқып-үйренуін қамтамасыз ете отырып, әрбір жайылым пайдаланушы жоспарды әзірлеуге қатыса алуына қол жеткізуі керек. Сөйтіп, өрістің көлемін анықтау, жер иелері арасындағы жағдайды реттеу аса маңызды. Бірнеше отбасының түлігін жинақтап, шалғайдағы өрістерді қолдану жөнінде біраз ауылда тәжірибе бар, осыны өркендетуді азаматтар, мамандар ойластырса, құба-құп. Ізденіс қажет.

Аталған жайттардың стратегиялық маңызы зор. Жаңа Жолдаумен мұқият танысқан жан осыған көз жеткізеді. Ал Ел Президенті мұндай істерге байланысты жергілікті билік жоғарыға көпірген ақпар беруден тиылуды, мемлекеттік мүдде мен ағайынға шынайы жанашырлық тұрғысынан жасалуы тиістілігін ұжайы ескертіп келеді.

Иә, ата-бабаларымыз көзіміздің қарашығындай сақтауға, мәпелеуге, ұқыпты пайдалануға үндеп кеткен қасиетті жеріміз – бойтұмарымыз, құндылығымыз. Ол Ата Заңымызбен қорғалады. Демек, жерге қатысты мәселелерде ешқандай майда-шүйде болмауы керек.

Болат Қосжанұлы,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале