12.12.2019, 19:19
Оқылды: 14

Жеріңізді дұрыс пайдаланып жүрсіз бе?

Биыл Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарды қоғамдық диалог-Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа арнаған Жолдауында ауылшаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануды шешу жолдары туралы ашық айтылды.

jer

«Мемлекеттен жерді тегін жалға алу құқығына ие болғандардың көпшілігі жерді игермей, босқа ұстап отыр. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді. Жер - біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс. Бұл өте маңызды мәселе. Мұны шешпей отандық агроөнеркәсіп кешенінің сапалы дамуы мүмкін емес»,- дей келе Президент тиісті сала тізгінін ұстаған мамандарға нақты жұмыс жүргізуді тапсырған болатын.

Көп ұзамай, кезінде бір басына бірнеше жер телімдерін рәсімдеп, бірақ сол жерден бір орақ шөп шаппаған, бір түйір дән алмаған жер иелері анықтала бастады. Президент Жолдауынан бастау алған шаралар біздің  ауданымызда да қолға алынды. Шыңғырлау аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Асылхан Нурушевтің айтуынша, бүгінгі таңда Шыңғырлау ауданының жалпы жер көлемі 722,9 мың гектар. Ал ауыл шаруашылық құрылымдарына бекітілген жер - 257,4 мың гектар, елді мекендердің жерлері - 123,0 мың гектар, өнеркәсіп, көлік, т.б. ауыл шаруашылығы мақсатына арналмаған жер телімі - 1,4 мың гектар, орман қорының жері – 19,0 мың гектар, су қорының жері – 349 гектар, босалқы жер көлемі– 313,7 мың гектар. Әңгіме барысында бөлім басшысы Шыңғырлау ауданы бойынша жергілікті атқарушы және уәкілетті органдармен пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау және ауыл шаруашылығы айналымына қайта енгізу бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілгендігін айтты. Атап айтқанда, республикалық бюджет есебінен 2012 жылы жүргізілген түгендеу жұмыстарының және 2012-2019 жылдар аралығында жергілікті атқарушы органдармен жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде көлемі 62 620 гектар құрайтын пайдаланылмай жатқан жерлер анықталған. Қазіргі таңда пайдаланылмай жатқан сол жерлердің ішінен мемлекет меншігіне көлемі 44 918 гектар құрайтын жер телімдері қайтарылса, соның ауыл шаруашылығы айналымына 6421 гектары енгізілген. Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы айналымына енгізілмеген жерлердің көлемі – 38 491 гектарды құрап отыр. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар тарапынан жүргізілген жұмыстар нәтижесінде көлемі 17 702 гектарды құрайтын жер учаскелерінің  пайдаланушылары жерлерін қайта игеруге кірісіпті.

Бұған қоса жер қатынастары бөлімімен 2019 жылы шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөнінде 4 конкурс өткізіліп, нәтижесінде 20-дан астам шаруа қожалықтары ашылып, оларға жалпы көлемі 29755 гектар, соның ішінде, 6 инвесторға 6135 гектар, ал, жұмыс істеп тұрған шаруа қожалықтарына шаруасын кеңейту үшін 15429 гектар жер учаскелері берілген.

Айта кетелік, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ә.Мұханбетжанова жыл соңына дейін жерсеріктік мониторинг арқылы жер телімдерінің нақты игерілуі туралы мәліметтер алуға мүмкіндік беретін геоақпараттық жүйе жұмыс істей бастайтындығын мәлімдегені көпке аян. Анада «Біз жерсеріктік мониторинг арқылы жердің пайдаланылуы туралы жедел ақпарат алу мүмкіндігіне ие боламыз және жалған есеп тапсыру деген болмайды. Сол себепті аудан әкімдеріне қолданылмай жатқан жер телімдерінің иелерімен, жалға алушылармен тағы бір мәрте жүздесуді тапсырамын. Егер олардың жермен жұмыстануға мүмкіндіктері болмаса, өз еріктерімен мемлекет меншігіне қайтарсын, не болмаса, сот құрылымдарына тапсырыңыздар. Берілген жерге жұмыс жүргізгісі де, мемлекетке қайтарғысы да келмейтіндердің аты-жөнін БАҚ арқылы жариялайтын боламыз», - деп осы бағыттағы жұмыстарда ымырасыздыққа жол берілмейтінін  облыс әкімі Ғ.Есқалиев те қадап айтқаны есімізде.

Әлімсақтан, жер өзекті де нәзік мәселе. Оған атүсті қарауға да, келте қайыруға да болмайды. Бұл мәселеде үлкен жауапкершілік, тіпті, жер иеленушілер мен жауапты сала мамандары арасында өзара түсінісушілік те қажет. Заң тармақтарына сүйеніп, қатаң шешім шығару оңай болғанымен, артында адам тағдыры тұрғанын да естен шығаруға болмайды. Сондықтан да өз жерін өзі де пайдаланбай, өзгеге де бермей отырған жер иелері ақылға салып ойланғаны дұрыс.

Гүлшат Ибрагимқызы

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале