Сырым ауданында «Құрмет» орденінің иегері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Сырым ауданының құрметті азаматы», белгілі әнші, композитор Донеділ Қажымовтың тыңдармандармен кездесу кеші өтті.
Кешке Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев қатысты.
-Донеділ Қажымов – қазақ даласын әнмен тербеген талант. Оның әндерінде тағдыр бар, мінез бар, сезім бар. Сондықтан да Донеділ ағамыздың туындылары әнтаспада емес, халықтың жүрегінде ойнайды, – деді аудан әкімі.
Кездесу барысында композитор жерлестерінің өмірі мен шығармашылығына қатысты қойған сауалдарына жауап берді. Балалық сәтті, бозбала кезді бірге өткізген дос-тұстарымен өткенді, көгілдір көктемді еске алып бір жасап қалды сахна майталманы.
«Демалыс орталығы» МҚҚК ұйымдастырған тың сипаттағы шарада Донеділ Қажымовтың бірқатар туындылары орындалды. Армат Алдамжаров, Шынтас Мұстажапов, Алмагүл Жұма, Сәлімжан Әубәкіровтың салған әніне автордың өзі қол соқты. Маэстро Ақжайық өңірінің әнұранына айналған, ақын Закария Сисенғалидің сөзіне жазылған «Ақжайығым» әнін өнердегі інісі Шынтас Мұстажаповпен бірге шырқады.
Биыл Донеділ Ізмағамбетұлы мерейлі 70 жасқа толды. Жаңа жасымен құттықтап, жаңа шығармашылық тыныс тілеген аудан әкімі кеш иесінің арқасына шапан жапса, өнерсүйер азамат, «Жайсаң» шаруа қожалығының иесі Уәлихан Ерғалиев елдің атынан ат мінгізді.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz