15.11.2023, 22:42
Оқылды: 52

Жерлестеріміздің қос жеңісі

Өткен аптада Бәйтерек ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев халықаралық «Алтын майдан» өнер байқауынан бас жүлде алған халықтық «Достық-Дружба» ансамбльінің көркемөнерпаздары мен «Jastar CUP – 2023» облыстық волейбол турнирінен І орын иеленген спортшы жерлестерімізді қабылдап, жеңістерімен құттықтады.

IMG-20231113-WA0056 (1)

Жиын барысында халықтық «Достық-Дружба» ансамблінің жетекшісі Сергей Саяпин солтүстік Осетия – Алания Республикасының Владикавказ қаласына өнер-сапары, 30 қазан мен 4 қараша аралығында өткен III халықаралық «Алтын майдан» ұлттық мәдени инклюзивті фестивалінің ерекшелігі мен басқа да қатысушылардың тәжірибе деңгейі туралы кеңінен әңгімеледі. Фестиваль салт-дәстүр, фольклорға негізделіп, түрлі жанрды қамтыған. Онда Қалмақия, Кабардин-Балқар, Тыва, Бурятия, Карелия, Ненец автономиялық округі, Мәскеу, Санкт-Петербург, Тула, Липецк, Вологда облыстары, Поволжье және басқа да аймақтардан 30-дан аса шығармашылық ұжым мен 600-ге тарта өнерпаз сынға түскен.

Айтулы өнер додасының ашылу салтанатында «Өз елім» әнін әуелеткен дарынды жерлестеріміз байқау бағдарламасында «Рио-Рита», «Ақбұлақ» және «Расцвела сирень-черемуха» туындыларын орындады. Халықтық «Достық-Дружба» ансамблі кәсіби шеберлігі, репертуарының алуан түрлілігімен көрермендер мен қазылар алқасының зор ықыласына бөленіп, «Аспапта орындаушылық» номинациясы бойынша фольклорлық материалға негізделген шығармаларымен бірінші дәрежелі лауреат атанды. Ал гала-концертте «Саржайлау» әнін төгілтіп, халықтық «Достық-Дружба» ансамблі III халықаралық «Алтын майдан» ұлттық мәдени инклюзивті фестивалінің бас жүлдесін еншіледі. Фестивальде өнер көрсеткен бәйтеректік көркемөнерпаздар құрамы Сергей Саяпин, Асылбек Ищанов, Николай Новеньков, Аслан Гизатов, Ахан Жекеков, Кенесары Болғанбаев Ресейдің Білім және ғылым министрлігінің  Құрмет грамотасы мен солтүстік Осетия-Алания Республикасының мәдениет және фестивальді ұйымдастыру комитетінің алғысхат, дипломдарымен марапатталды. Өз кезегінде жастар аға буыннан үйренері мол екенін айтып, алғысын жеткізді.

Бұл күні қабылдауда болған тағы бір топ әр мекемеден бас қосып аудан намысын облыстық турнирде қорғаған – волейболшы қыз-жігіттер. Олардың қатарында аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы (команда жетекшісі) Жанар Ғұбашева, аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Сұлтан Хайрушев, Камен ЖОББМ физика пәні мұғалімі Ержан Қарақұлов, аудандық мәдениет үйінің әншісі Ахан Жекеков, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ұлданай Сейтқалиева, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының кеңесші маманы Марзия Кунуспаева және аудандық аурухананың ЛФК нұсқаушысы Саят Сағын тартысты ойын өрнегін көрсетіп, жүлделі І орын иеленді. «Облысты қосқанда барлығы 8 команда қатысты. Ойын тартысты өтті. Финалға Жаңақала ауданымен шықтық. Есеп 31-ге дейін жетті. Әріптестерге көп рахметімді айтамын. Үнемі осылай ауданымыздың абыройын асқақтатып, жеңіс тұғырынан табылайық!»  деді басқосу барысында сөз алған команда капитаны Жанар Ғұбашева.

IMG-20231113-WA0053 (1)

Аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ерсайынұлы барлық қатысушыларды осынау мерейлі сәтпен құттықтап, келер жылы ауқымды өнер фестивалін біздің өлкеде де ұйымдастырсақ деген ұсыныс төңірегінде ой бөлісті. Ансамбль мүшелерінің пікірін тыңдап, алда бұл жоспардың әлі де пысықталатынын айтты.  Жүлдегерлерге жаңа жетістіктер мен  толағай табыстар тіледі.

Гүлжаз Баделова,

Бәйтерек ауданы 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале