Аталмыш орталықта ауданның 120-ға жуық тұрғыны тұрып жатыр. Жерлестері келгенін естіген бәйтеректік ағайын мекеменің мәжіліс залына жиылып, ауылдастарымен әңгіме-дүкен құрды.
-1990 жылдың 14 желтоқсанында БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының бастамасымен 1 қазан — Халықаралық қарттар күні мерекесі болып жарияланды. Оның үстіне қазан – қайырымдылық айы. Бұндай кездесуді аудан әкімдігі дәстүрлі түрде өткізіп тұрушы еді. Өкінішке орай, өткен жылы келетін мүмкіндік болмады. Сіздердің әрқайсыларыңыз кезінде ел дамуына сүбелі үлес қостыңыздар. Араңызда ел тәуелсіздік алған жылдары мемлекетіміздің аяққа тұрып кетуіне атсалысқан азаматтар да бар. Аға ұрпақтың еңбегі – өскелең ұрпақ үшін өнеге. Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін, -деді өз сөзінде аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев. Сондай-ақ Ерікқали Ғұмарұлы орталық қызмет алушыларына аудан әкімі Марат Тоқжановтың құттықтау хаты мен бағалы сыйлығын табыс етті.
Кейін кездесу аудан өнерпаздарының концертіне ұласты. Бастан-аяқ жанды дауыста ән шырқап, төкпелете күй орындаған өнерпаздар көпшілік қошеметіне бөленді.
Шара соңында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Арман Дәулетов ауылдастарын ұмытпай келіп, тамаша көңіл күй сыйлаған аудан делегациясына алғысын білдірсе, қызмет алушы Людмила Ревпук осындағы ақсақалдар мен ақжаулықтылар атынан ризашылығын білдірді.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz