Бәйтерек ауданы әкімі Марат Тоқжановтың халықпен тоқсандық есептік кездесу жиыны Егіндібұлақ ауылдық округінен басталды. Округте қордаланған бірқатар мәселе қозғалып, халықтың уәжі тыңдалды. Кездесуге бөлім-мекеме басшылары және аудан тұрғындары мен ақсақалдары қатысты. Жиын барысында ауылдық округ әкімі Ренат Ескендіров жеті айда атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарымен бөлісті.
І жартыжылдықта салық түсімі 869 мың теңгені (86%) құрап, инвестиция көлемі 31 млн 400 мың теңгеге жеткен. Округ бойынша 17 шаруа қожалығы, 6 жеке кәсіпкер тіркелген. Қазіргі таңда төрт қожалық иесі егін ору жұмыстарына кіріскен. Сондай ауылда қысқы мал азығын дайындау науқаны да қызу жүріп жатыр. Бүгінде 25 тоннадан астам мал азығы жиналып, өткен жылдың есептік кезеңімен салыстырғанда 83 пайызға орындалды. Бір тіркеме шөп 70 мың теңгеден сатылуда. Кәсіпкерлік саласына мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауды пайдаланып, өз ісін ашуға ыждағатты тұрғындар жетерлік. Солардың бірі көпбалалы ана Гауһар Тұрғанбаева қайтарымсыз грант иеленіп, мал басын өсіруге ден қойған. Аядай ауылдарда абаттандыру ісі де алға басып, жұмыссыздық мәселесі де біртіндеп реттелуде.
Атап айтсақ, Алмалы ауылының үш көшесіне 15 дана жарық шамдары орнатылып, есептік мерзімде жұмыссыз ретінде тіркелген 8 адамның бесеуі ақылы қоғамдық қызметке тартылып, бір жас маман «Жастар тәжірибесімен» жұмысқа орналасқан.
«Жақсылық жаса» акциясы аясында «Киргенев» шаруа қожалығының иесі мектеп оқушыларына 411 000 теңге демеушілік көрсетіп, жалпыға міндетті оқу қорынан атаулы әлеуметтік көмек алатын бір отбасының мектеп жасындағы екі баласының әрқайсына материалдық қолдау ретінде 40 567 теңгеден көмек көрсетілген. Округте есепте тұрған жасөспірімдер жоқ, қылмыс тіркелмеген.
Сәлім Мәмбеталиев,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz