Оқыста өртенген қоқыстан шыққан түтіннің ағзаңызға қаншалықты зиян екенін білесіз бе? Түрлі қалдықтар мен пластик бөтелкелерден шығатын, бықсығанда қолқаны қабатын улы түтінді аптасына бір жұту әдетке айналды. Серуенге шықсаң, тұншығып, келген жолыңмен үйге қайтасың. Әр үйдің ауласынан будақтаған түтін буындырып тастайды.
Жөтелесің, түшкіресің, солай қор боласың. Сөйтіп, дамыған елдердің еңбегіне көз жүгіртесің. Оларда біз елемеген, аяқ астында жатқан тұрмыс қалдықтары әжептәуір табыс көзі. Жарайды, байып кетпесіміз анық. Бірақ бұл әлеуметтік жауапты іс. Жер көлемі аз болғанымен, «миы көп» жапондықтар қоқысты іріктеу ісіне мұқият қарайды. Қалаларда қоқыс контейнерлері қағаз, пластик, әйнек, темір, жанғыш және жанбайтын заттар қайта өндірілетін деп іріктеледі. Енді қызықты қараңыз. Әр қалдықтың өзіне ғана тиесілі түсті пакеттері болады. Мысалы, көк пакет қағаз қалдықтарына, жасыл пакет пластикке арналады. Егерде тұрғындар қоқыстарды шатастырып немесе араластырып жіберсе, сол үшін айыппұл төлейді. Тағы да басқа әлемнің көп жерлерінде қоқысты өртеуге қатаң тыйым салынған.
Аудан жұртшылығының көкейінде «неге» деген сұрақ қалуы мүмкін. Себебі апта сайын бір бөшке қоқыс өртейтін Жәнібек ауданының тұрғындары мұны ұната бермейді. Ең жеңіл әрі зиян жолға жүгірген жандар тек өзіне ғана емес, аудан аспанын улы газдарға көміп, өзгенің де денсаулығына кесел келтіріп жатқанын түсіне ме?
Түсінбесе, тарқатайық. Қазақстанның экологтары мен экобелсенділері қоқыс өртеуге түбегейлі қарсылық танытады. Олардың айтуынша, ауаға тараған диоксин, фуран және тағы да басқа ауыр металдар өлімге дейін себеп болуы мүмкін. Осы орайда түзу ниетпен аудан тұрғындарын қоқыс өртемеуге шақырғым келеді. Дәрігерлердің пікіріне сүйенсек, өртеніп жатқан қоқыстан адам ағзасына келетін зиян жетерлік. «Өлімге апарады» деген жантүршігерлік сөздің өзі қатаң ескерту деп қабылдап, осы әдеттен тез арада арылуымыз қажет. Бұл мәселе шешімін табу үшін осы Жәнібек ауылының үш көшесіне қоқыс контейнерлері қойылады. Бүгінгі таңда ел игілігі үшін бастау алған жұмыстар жүріп жатыр. Ауыл тұрғыны, белсенді Айымжан Егеуова:
- Жәнібек ауылының көшелеріне қоқыс контейнерлері үшін арнайы орындар әзірлеп жатқанына қуандым. Тұрғындар ауласында өртемей, қоқыс полигонына бармай, арнайы қоқыс жәшіктеріне салса екен деймін. Бірақ ауыл әкімі Абзал Қаратаев ескеретін жайт бар. А. Байтұрсынов пен Ш. Мәжитов көшелеріне қойылған контейнердің орны талапқа мүлдем сай емес. Ми батпақта бұл орынға қоқыс жинайтын көлік кіре алмайды. Асфальт төсеу керек немесе тез арада орынды өзгерту керек,- деп, өз парақшасында ойын білдірген еді.
Нәтижесінде мәслихат төрағасы Тахир Қадимов пен «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Біржан Қуанәлиев тұрғындардың пікіріне жүгініп, аталған орынға барды. Ауыл әкімі Абзал Бақытұлы:
- Барлық мүмкіндіктерді іске асырып, тұрғындарға ең ыңғайлы жерді қарап, жұмыстанып жатырмыз. Осы жылы үш көшеге қоқыс контейнерлері қойылады. Әуелі бақылап көреміз. Орындар ауыл жұртшылығы үшін қолайсыздық тудырса, ұсыныстарыңызды ескере отырып, басқа орынға ауыстырамыз,- деді.
Хош. Қоқыс салуға контейнерлер қойылды делік. Әліптің артын бағайық десек те, сол жәшікке салынған қоқысты кім һәм қайда шығарады деген ойға оралдық. Сөйтіп, ауылға жақын салынған қоқыс полигонына бардық. Бардық та жағамызды ұстадық. Көліктен шығып, бір сәт тыныстау мүмкін емес ол жерде. Қоқыс полигоны қоршалғанымен, тұрғындар оған жетпей қоқыстан тау тұрғызған. Байссейнге баратын бөгеттегі судың үстіне дейін үйіп-төккен. Ал бассейннен малымыз су ішіп, жазда баламыз шомылатынын естен шығарған сияқтымыз. Ауылдағы «түсініксіз қырылған» малдың неден өліп жатқанын енді білгендей болдық. Мал түк емес. Баламыз біз ерініп, су үстіне тастап кеткен қоқыстың кесірінен ауру жұқтырып алса, қайтпекпіз? Өлген мал мен мал терісіне толған айналаға қарап, біраз тұрдық та, сырғалы сиырға көзіміз түсті. Сырғасы бар, демек тіркелген деген сөз ғой. 01974661 нөмірлі малдың иесі қастерлі табиғатқа өлшеусіз кесел келтіріп жатқанын ескерсе екен. Сол арадан сәл бұрылғанда арнайы мал терісін, денесін салатын құдық бар. Сәл жүргенде жинақы, қоршалған қоқыс полигоны бар. Тұрғындар қолдан табиғатқа қорлық көрсеткені несі? Арнайы орындар болмаса әңгіме мүлде бөлек. Өз ауылымызды қоқысқа көмбей, кеш болмай тұрғанда қоқысты полигонның өзіне тастайық, тұрғындар!
Жеке кәсіпкер Бауыржан Сабановтың ауыл жұртшылығымен келісімшарт бойынша келісімге келіп, қоқыс шығаратынын да білдік.
- Біз өтініш білдірген тұрғындармен келісімшартқа отырып, үйіндегі қоқысты полигонға шығарамыз. Өкінішке қарай, олардың ойлау деңгейі сол өртеуден аса алмай тұр. Жасырмай айтатын болсам, үш жыл бойы қызметтің ақысын төлемей жүргендер де бар. Бар болғаны – 700 теңге. Ай сайын уақытында төлеп тұрса, біз апта сайын қоқысын шығарамыз. Әзірге ісіміз тоқтап тұр. Оларды сотқа бер дейтіндер көп. Мен аз ғана ақша үшін ешкімді жамандыққа қиғым келмейді. Тек тұрғындар қоқыс өртеудің зиянын түсінсе екен деймін,- деді өз сөзінде.
Сонда 700 теңге денсаулықтан қымбат па?
Ақтілек Әлібекұлы,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz