Бөкей ордасы ауданы Бисен ауылдық округіне қарасты Жетібайда ұйымшылықтың үздік үлгісін көрсеткен ізгі шара өтті.
Ауылдағы ағайын бір кісідей жиналып, композициялық белгі орнатып, дала төсін дүбірге бөлеп, «Сабантой» өткізді. Аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешев пен аудандық білім беру бөлімінің басшысы Бисенбек Насимолллин аталмыш шараға арнайы барып қатысып қайтты. Жетібайлықтардың үлкен-кішісінің басы қосылған үлкен жиында Біржан Меңешов елді мекеннің ауылнайы Бисен Ижановқа аудан әкімі Нұрлыбек Даумовтың алғысхатын табыстады.
Салтанатты жиын кейін дала қызықтарымен жалғасты. Тай жарысына 32 тай қатысты. Ақжайықтан арнайы келген Бақытнұр Русланұлының «Қара көзі» І орын алса, ұялылық Аманбек Өтешевтің «Айтөбелі» ІІ орын, жәнібектік Талғат Есқалиев баптаған «Көк қасқа» ІІІ орын алды.
Тай жарыс ауыздығымен алысқан жүйріктер шабысына ұласты. І орынға Жәнібектен келген Талғат Есқалиевтің «Көкқұтаны», ІІ орынға Хан ордасынан келген бапкер Асхат Матаевтың «Гүлсарысы», ІІІ орынға көктеректік Нұрлыбек Сапаровтың «Валет Қарғасы» ие болды.
Дала қызықтары тек ат жарысымен шектелмеді. Теңге ілу, қой көтерумен жалғасты. Теңге ілуде Думан Баймұратов (І орын), Оразай Меңдібаев (ІІ орын), Жасқанат Қаламаш (ІІІ орын) иеленді. «Қой көтеруде» жәнібектік Асылан Өтепов бағланды иығына салып, 60 мәрте көтеріп, қойды қанжығасына байлады.
Жанкүйерлеріне жақсы ойын көрсеткен желпінткен қазақша күресте палуандар қарасы мол болды. Бір-бірінен әдіс-тәсілдері мен айла-амалдарын асырған палуандар арасында Айбол Қарасаев (Жәнібек ауданы) І орын, Жексен Жұмағалиев (Хан ордасы ауылы) ІІ орын, Алмат Ғабдолла ІІІ орынды иеленді.
«Арқан тартыста» үй иелері жетібайлықтардың өздері жүлдені бермеді. Жігіттеріміз жүгіріп, кіл жүйріктің ішінен желаяқты анықтады. Қарсыластарын шаң қаптырған Ерсұлтан мен Нұрсұлтан Назарбектер, Нұрбол Құмарғалиев жүлделі үштіктен көрінді. Көңілді шараға жиналған қауым үшін Тойтөбеде жәрмеңке де ұйымдастырылды. Аталмыш шараға ұйытқы болған ауылнай Бисен Ижанов та, бастаманы бір кісідей қолдап, жұмыла көтерген жетібайлық ағайын ауызбіршілігі жарасқан, жарасымды ел екендіктерін тағы бір мәрте танытып өтті.
- Қалталарынан қомақты қаржы шығарып, ауылдарына көрнекі композиция орнатып, жүлде тігіп, дала қызықтарын өткізіп жатқан Жетібай басындағы жерлестеріміздің тірлігі кісі қызығарлық. Ортақ той, ортақ іске бір жағадан бас шығарып, бір жеңнен қол шығарып, бір кісідей жұмылып, шараны керемет қып өткізді. Үлгі қыларлық озық іс, - дейді шараға қатысып қайтқан Біржан Меңешов.
Ұлпан Әнуарқызы,
Бөкей ордасы ауданы,
zhaikpress.kz