30.09.2021, 11:18
Оқылды: 3

«Жетікөл» - лига чемпионы

Сырымның байтақ даласындағы допқа құмар жастарды бір алаңға жинаған «Batys Syrym» лигасы аяқталды. Лиганың соңғы ойын күні тартысты кездесулерге толы болды.

WhatsApp Image 2021-09-30 at 10.52.54

Қарсыластары «Өлеңті жас» командасы ойынға қатыспауы себепті техникалық жеңіліс алды да, «Тоғанас» бір тамшы тер шығармастан ойынды әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік алды. Ал «Бұлан» «Абаймен» кездесуде бар мүмкіндігін салып бақты. Бірақ топтың басында жүрген команданы ығыстыру қолдарынан келмеді. Есеп 1: 5 болып, «Абайдың» пайдасына шешілді.

Көштің басындағы командалардың бірі «Құспанкөл» де ойынның басында «Талдыбұлақтың» тарапынан қақпасына жауапсыз екі гол жіберіп алып, жанкүйерлерін қатты састырды. Бірақ 9-шы минутта Мадияр Қажмұратовтың «Құспанкөлдің» матчтағы алғашқы голын соғып, жағдайды реттей бастады. Ақыры, «Құспанкөл» жеңіп тынды. Есеп 4:7.

«Жетікөл» «Жырақұдықпен» кездесіп, 3:1 есебімен, сәл басымдылық танытты. Шамасы, ұпайы толық, «шаруасы түгел» команда аса бір шаршамайын деген секілді.

Сонымен, ойындар нәтижесі бойынша «Жетікөл» лига чемпионы атанды. «Құспанкөл» ІІ, ал «Алғабас» ІІІ орынға ие болды. «Талдыбұлақтық» Ахмет Айбар «Ең жас ойыншы», «Алғабастық» Рауан Мұхитов «Үздік қорғаушы», «Құспанкөлдік» Мерей Мейірболатов «Үздік шабуылшы», оның командаласы Мейрамбек Нұрханов «Үздік қақпашы» болып танылды. Ал, «Жетікөлдік» бомбардир Нұржас Төлепов «Үздік сұрмерген» әрі «Үздік ойыншы» аталымдарын жеңіп алды.

 Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале