Мөлдіреген сұлу көзің – жан нұрым,
Қалқаным боп көңілімде жатқандай.
Әлемдегі сұлулықтың барлығы,
Соның түпсіз тереңіне батқандай...
Темірлан гитарасын қолына алып, әңгімесінің беташарын осы әнді айтудан бастады. Тыңдарманын жоғалтпай келе жатқан хит ән десе де болады. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басынан көпшілікке танымал әнші-композитор Рамазан Елібаевтың «Көздер-ай» атты бұл әнін Темірлан көп жыл Жәнібек аудандық «Арай» дауысты-аспапты ансамблінің құрамында болғанда аудан, облыс сахналарында шырқап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Қазір осы әнді өте сирек естиміз. Қажет кезде іздеп қалсақ, тіптен интернеттен де таба алмаймыз.
Соғыстан соң ел есін енді жинап, етек-жеңін жаба бастаған 1952 жылдың бірінші мамырында Орда ауылының тұрғыны Ермектің шаңырағында маңдайы торсықтай ақ сары ұл дүниеге келді. Әкесі баласына сол заманда көп тараған есімнің бірін қойғысы келген. Бірақ Ордада дәрігер болып қызмет істейтін Татьяна атты орыс әйелі «Бұл балаға жаһанды жаулаушы, ұлы қолбасшы Тамирланның атын қоялық, өскесін, мүмкін, ержүрек, батыр болар», - деп уәж айтқасын қазақшаға ыңғайластырып, азан шақырып, Темірлан деген есімді таңады. Сүйкімді сәбиді кім қызықтамаған, үйге енген қыз-келіншектер бөбектің бетінен сүйіп, өліп-өшіп жатады екен. Бір күні аяқ астынан қатты сырқаттаныпты. Сол кезде Ордада тұратын бір кемпір кішкентай баланы ұшықтап, үшкіріп, емдеп жазыпты. Әлгі кейуана ертеректе ат-арбамен Меккеге сапарлап, қажыға барып келген марқұм қарттың жұбайы екен. Сірә, өзі тегін адам болмаса керек, Орда елінің жұртшылығы арасында «Қажының кемпірі» деген лақап атқа ие болған ол біреудің назары түсіп, көз тиіп ауырған жас балаларды осындай ем-доммен жазатын көрінеді. Сол кісінің арқасында сәби сырқатынан құлан-таза айығыпты.
Бірінші сыныпта оқығаннан бастап ол мектептегі ішекті аспаптар оркестрінің құрамына жазылған. Оркестрге жетекшілік еткен Құспан Рушанов барлық музыкалық аспаптың құлағында ойнаған әмбебап жан еді. 20 адам оркестрде ойнап отырғанда қай аспаптың күйіне, бабына келмей тұрғанын бірден біліп, аңғаратын, өмірде сирек кездесетін ғажап қасиеттің иесі екен. Бала Темірлан сол кісінің оркестріне қатысып, ән айтты, ауылдағы клубта өткізілетін концерттерге қатысты. Ол шақта көбіне орысша әндер бірінші кезекте айтылады, оның да алғашқы шырқаған әні «Юный барабанщик» деген пионерлер туралы туынды болды. Осы әнмен оркестрдің әншісі ретінде Жәнібекте жыл сайын өтетін пионерлердің слетіне келіп, жүлделі орынды иемденеді (ол осы арада сөзін кілт үзіп, гитарамен әлгі әнді шырқап берді). Өнерге құштар бала сурет салуды, гипстен түрлі мүсіндер жасауды да жаны қалайтын. Мектепте оқып жүргенде құрдасы Асқар Удиров екеуі Волгоград қаласына барып, «Мамаев қорғанын» фотоға түсіріп алады. Ауылға келгесін сол суретке қарап, қорғанның мүсінін гипстен айнытпай жасап, мектептің көрмесіне қояды. Бертін келе, басқа да түрлі мүсіндерді жасауды үйренді. Сонымен қатар салған суретін күйдіріп, әшекейлеу өнеріне де тез бейімделіп алады.
1969 жылы мектеп бітіргесін құрдасы Асқармен бірге политехникалық институттың архитектура бөліміне түсу үшін Алматы қаласына аттанған. Мұнда конкурс «қиын» екен, бір орынға 10 баладан келеді. Жолы болмады. Алматыдағы өндірістік тресте құрылысшы, кейін бригадир болып жұмыс істеді. Осында жұмыстас болған қазақ жігітінен сол жылдары жастар арасында кеңінен тараған композитор Давид Тухмановтың «Восточная песня» («Шығыс әні») әнін гитарада тартуды үйренеді. Жұмыстан кейін көшеде кілең оралдық жігіттер жиналып, осы әнді, сондай-ақ 1960 жылдары көпшілікке аса танымал болған әнші Валерий Ободзинский орындайтын «Эти глаза на против» әнін гитараға қосылып шырқап отыратын. Көшеде кешкілік серуендеп жүрген үлкенді-кішілі адамдар бұлардың жанына келіп, әлгі тамаша әндерді тапжылмай тыңдап тұратын. Бір жылдан астам құрылыста жұмыс істеп, әкесі «ауылға қайт» дегесін елге келді. Жәнібектегі кәсіптік-техникалық училищеде оқыды. Аталмыш оқу орнында дәріс алғанда, өзі сияқты жастарды гитара тартуға баулыды.
– Бір күні кеште бір топ жастар Жәнібектегі демалыс паркінің ішінде гитарамен ән айтып отырғанбыз. Қасымызға бір жас жігіт жақындады да, «Ертең мәдениет үйіне келіңдер, жаңағы айтқан әндеріңді жазып аламын» деді. Кел деген уақытында біз де клубқа жеттік. Әлгі жігіт облыстық радиода тілші болып қызмет істейді екен, айтқан әніміздің үшеуін магнитофонға жазып алып кетті. Бірер күннен кейін өзіміздің дауысымызды радиодан тыңдап, мәз болып қалдық. Алғаш рет ақпарат құралдары арқылы көпшілікке осылай танылдым, - дейді Темақаң бізбен әңгімесінде.
1971 жылы ол әскер қатарына шақырылып, Ресейдің Горький қаласында азаматтық борышын өтейді. Әскерде болғанда да, гипстен жауынгерлердің мүсінін жасап, гитарада жақсы ойнайтын Сергей есімді жігіттен бұл аспапты үйренуді одан әрі жетілдіреді. Гитарасын әскерде жүргенде үйіне хат жазып сұратып, әкесі поштамен сәлем-сауқат ретінде салып жіберіпті.
Екі жыл әскери міндетін ойдағыдай атқарған Темірлан Жәнібекке оралады. Бұл кезде әке-шешесі Ордадан Жәнібекке қоныс аударған. Ауылға келгесін алғашқыда той-томалақтарда гитарамен ән айтып жүрді. Тамыз айында оны аудандық сотқа қызмет істеуге шақырады. Сонда сот хатшысы болды. Қызметтен тыс уақытта ылғи өнерпаз жастар аудандық мәдениет үйіне жиналып, мереке-мейрамдарға орай болатын концерттерге даярлық жасады. Сол жылдары аудандық мәдениет үйінде өтетін би кештеріне жастар көп келетін. Солардың алдында Қадер Орақаев, Тельман Кәрімов, Уақит Сариев, Нұрия Әлмұқановамен бірлесіп, ән шырқап, жастардың би кешінің көңілді өтуіне атсалысты. Мерекелік концерттерде көпшіліктің көзіне түсіп, қошеметіне бөленді. Осылайша 1974 жылғы қарашада аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған «Арай» дауысты-аспапты ансамблі дүниеге келді. Бір күні аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Сара Ихсанова ансамбль мүшелерін шақырып алып:
– Жақында вокалды аспапты ансамбльдердің арасында облыстық байқау өтеді, соған қатысасыңдар, - деді. Бұлардың айтып жүргендері жеңіл-желпі әндер, тіпті ішінде көше әндері де бар. Байқауда көбіне патриоттық әндер айтылады. Соған жатпай-тұрмай, әзірлену керек, уақыт болса, тығыз-таяң. Пойызбен Оралға жеткенше жол бойы азаматтық әуендегі, патриоттық сарындағы «Песня о Щорсе», «Есіңе ал», «Ана туралы баллада», «За того парня» сынды 5-6 әнді қайта-қайта айтып, өздерінше даярлық жасап барады.
– Оралдағы Ворошилов атындағы машина жасау зауытының мәдениет сарайында өткен байқауға облыс аудандарынан 13 ансамбль қатысты, - дейді Темақаң бізбен әңгімесінде. – Солардың арасынан финалға Зеленов, Жәнібек, Шыңғырлау аудандарының ансамбльдері шықты. Финалдық концертте Уақит Сариев «Ана туралы баллада», Тельман Кәрімов «Есіңе ал» әндерін шырқаса, ансамбльдің үш жігіті «Песня о Щорсе» әнін айтып, байқау қорытындысында ойламаған жерден бірінші орын алдық. Облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, қазылар алқасының төрайымы Марфуға Батықова біздің ансамбльдің алғашқы аяқ алысын майын тамыза мақтай келіп: «Үш қазақ үш орыстың соңғы шумағын айтпай кеттіңдер», - деді әдейі «Песня о Щорсе» әнін меңзеп, бізге ескерту жасады. Шынында да, алас-қапаста әзірленгендіктен, әннің соңғы шумағын ұмыт қалдырыппыз. «О Щорсе» деген сөздің өзі ден қойып тыңдаған адамға «үш орыс» болып естіледі екен. Марфуға апайдың тауып айтқан әзіліне көрермендер разы болып, күлкіге кенеліп қалды... Осыдан кейін Жәнібектегі ансамбльдің аты облыс, қала берді республикаға кеңінен танымал болады. Сол жылдарда аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Мақсот Батыров өнерді қатты қадірлейтін-ді. Көшеде кетіп бара жатқан Темірланды көрсе, «Волгасынан» түсіп, амандасып: «Біздің әнші бала» деп арқасынан қағатын. Аудан басшысы «Арайдың» ілгері басып, өрлеуіне бар мүмкіндігінше қамқорлық жасады.
Осы жасқа келгенше Темірлан төсек тартып ауырып көрген емес. Тек соңғы жылдары көзінің көруі кеміген. Сылтауратып жатып алу оның дағдысында жоқ нәрсе. Әке-шешесі солай үйреткен. Өзі тамақ пісіреді, үйінің ішін жинап, тап-таза етіп ұстайды. Әрине, мүмкіндігі шектеулі жан болғасын, оған әлеуметтік қызметкерлер көмектесіп, анда-санда үйін ақтап, сырлап дегендей, көмектесіп тұрады.
– Зейнетақым өзіме жетеді. Жақын-туыстарыма қолымнан келгенше көмектесіп тұрамын. Әкем марқұм бала кезімнен: «Тікеңмен жүр, дүниеге, ақшаға қызықпа. Еңбек ет, өз күшіңмен күн көр» деп жиі айтушы еді. Әлі күнге дейін әкем сілтеген тура жолмен жүріп келемін, – деді ол сөз соңында.
Нұрымбек Жапақов,
zhaikpress.kz