Былтыр Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевтің бастамасымен өңірімізде «Менің аулам – менің бағым» атты бағдарламалық жоба жүзеге асқан болатын. Өңір басшысының бұл жобасын Казталов ауданының халқы қызу қолдап, жоба жүйелі түрде орындалды. Нәтижесінде ауданымызға қарасты барлық ауылдық округтерінде жеміс-жидек теректері отырғызылып, биылғы жылы да жоба жалғасын табуда.
Осы жұмыстардың барысын білу үшін Казталов аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Сергей Тоқпановпен сұқбаттасқан едік.
- Иә, былтыр облыс әкімінің тікелей мұрындық болуымен «Менің аулам – менің бағым» аймақтық-бағдарламалық жобасы іске асты. Жоба аясында аудан аумағында 2500 түп жеміс-жидек ағаштары егілген болатын. Атап айтатын болсақ, Талдыапан ауылдық округіне қарасты «БауырларНАРМ» шаруа қожалығының жетекшісі, белгілі кәсіпкер Нұрлыбай Жолдыбайұлы 300 түп жеміс теректерін егіп, бақты қоршап, сумен қамтыды. Осындай жұмыстарды ақпәтерлік «ЕрҚожа» шаруашылығының басшысы Самат Хасанов та атқарып, Қараөзен жағасынан 200 түп алма, алмұрт, өрік егіп, қоршап, су айдайтын су сорғысын қойды. Мұнымен қоса Қайыңды ауылдық округіндегі бұрынғы балалар демалыс лагері шарбағынан «Нұр-Досхан» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінің жетекшісі Нұрлан Досаханов пен «Жасқанат» шаруа қожалығының жетекшісі Жарас Абдрахмановтың демеушілігімен 200 түп алма, шие ағаштары отырғызылды. Қошанкөл ауылдық округіндегі кәсіпкерлердің қаржылай қолдауымен Көктерек тоғайында орналасқан «Алау» балалар демалыс лагерінде 200 түп алма ағаштары егілді. Жоба аясында Жалпақтал, Жаңажол ауылдық округтерінде де демеушілердің қаржысына жеміс ағашын егу жұмыстары атқарылды.
- Биылғы жылы ауданымызда аталмыш жобаның екінші кезеңі басталып жатыр. Жоспар бойынша 4658 түп жеміс терегі егілетін болады. Бұл жұмыстарға 205 адам қатысаы.. Негізінен аудандағы мекеме-ұйымдардың ұжымдары, білім, мәдениет саласының нысандары, 16 ауылдық округтегі жеке тұрғындар қатысады деп күтілуде. Қажетті жеміс-жидек теректерін Орал қаласындағы «Куниязов» жеке кәсіпкерлігімен келісіп, өткен аптада Жалпақтал ауылында, бүгін Казталов аулында жеміс көшеттері саттыққа шықты. Жеміс теректерінің өтуі жақсы. Халықтың сұранысы мен қызығушылығы бар. Жобаның екінші кезеңін қолдап, барлық аудан тұрығындарын қатысуға шақырамыз! Округтерде егілген тал-теректерді дұрыс күтіп, техникалық сумен уақытылы қамтамасыз етсе, болашақта ауданымызда жеміс-жидек жайқалып өсетін болады.
- Жоба аясында тағы бір айтатын жұмыстар – бау-бақша егу. Әсіресе соңғы кезде көкөністердің бағасының өсуі байқалып тұр. Күнделікті тұтынатын картоптың өзі қымбат. Егер, әрбір тұрғын ауласына немесе жер алып картоп, бияз ексе, жанұясына қажетті көкөніс қорын жинап алуға зор мүмкіндік. Күні бүгінде аудан бойынша 15 гектар картоп, 60 гектар көкөніс, 35 гектарға қарбыз-қауын егіледі деп жоспарлануда. Біздің тарапымыздан осы жұмыстарды ұйымдастырып, қызығушылық танытқан жеке тұрғындар мен шаруашылықтарға жер жыртуға, тұқым алуға және жанармай алуға көмектесеміз,- деп түйіндеді сөзін бөлім басшысы.
Сөзімізді түйіндей келе «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген нақыл сөзді ұстана отырып, барлық жерлестерімізді «Менің аулам-менің бағым» жабасын қолдап, қатысуға шақырамыз!
Нұр Рахман,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz