Әлеуметтік желіде ұлттық біріңғай тестілеуден 140 балл алып көлік мінген Еңсебек Жаннұр туралы ақпарат аз емес. Әрине еңбектің нәтижесінде үздік атанған оқушыны көріп, өзіміз де сүйсініп отырмыз. Дегенмен осы тұста біздің түлектер не істеп жатыр деген сұрақ ойға оралады. Сондықтан былтырғы мен биылғы ҰБТ-ның артық-кемі туралы аз-маз сөз қозғап көрдік.
Ұлттық тестілеу орталығы мамандарының сөзінше ҰБТ-ны қазіргі таңда оқушылар бес рет тапсырады. Бұл – тапсырушының өз еркінде. Тесттің екеуі грант конкурсына жарамды болса, қалған үшеуін ақылы тапсырып, ақылы оқуға түсуге мүмкіндік алады. Бір тесттің бағасы 5 640 теңгені құрайды екен. Биылғы тест тапсыру уақытында бір заңбұзушылық тіркелген. Оқушының ата-анасы шақыртылып, тесттен шығартылып, нәтижесі жойылған. Алайда мамандар бұл оқушының екінші рет тест тапсыруына ешқандай кедергі келтірмейді дейді. Былтырғы жылы ұлттық бірыңғай тест кезінде екі түлек тәртіп бұзып, тесттен шығарылған. Орталықта оқыс жағдайлардың алдын алу үшін медбике мен психолог маман қызмет жасайды. Оқушылар белгіленген төрт сағаттың әр сағаты өткен кезде 2-3 минут демалып, үзіліс алуына мүмкіндік беріледі екен.
– ҰБТ бізде 27-ші мамырдан басталды. Әлі 11-шілдеге дейін жалғасатын болады. Біздің орталыққа Шыңғырлау және Бөрлі ауданының түлектері келіп тест тапсырып жатыр. Бүгінгі күні 647 оқушы өз бағын сынап көрді. Оның ішінде екінші рет қайталап тапсырып жатқандар бар. Қазігі уақытта үздік нәтиже – 132 балл. Оны Ақсай қаласы №7 ЖОББМ оқушысы жинады. Биылғы жылы тест ережесін бұзу бойынша бір оқиға тіркелді. Бұндай оқиғалар орын алмауы үшін алдан-ала түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Көбінесе ата-аналар жиналысында, оқушылар арасында кездесулер өткізіліп, тест ережесі туралы нақты ақпараттар берілді, - дейді ұлттық тестілеу орталығы Ақсай қаласы филиалының басшысы Жәмила Каналиева.
Былтырғы жылы аудан бойыншы 405 түлек мектепті аяқтап, үлкен өмірге жолдама алыпты. Олардың 15-і Алтын белгі, 15-і үздік атестатты иеленген. Үміттерін үкілеп ҰБТ-ға барғандардың ішінде Кеңтүбек ЖОББМ оқушысы Аблайхан Шарибданов 122 балл жинаған.
Биыл аудан бойынша 444 түлек мектеп қабырғасындағы балалығымен қоштасып, үлкен өмірге қадам басқан. Олардың ішінде алтауы Алтын белгі иегерлері болса, 23-і үздік атестат иегерлері. Сол алтын алған алтаудың үшеуі Ақсай қаласы №7 ЖОББМ оқушылары екен. Қызық болғанда биылғы ҰБТ-ның бүгінгі оң нәтижесі осы мектептің түлегіне тиесілі. Мектеп түлегі Динара Ташеменова 132 балл алып, ұстаздардың үміті ақталып жатыр. Сонымен қатар осы мектептің түлектерінің қанжығасында 126, 124, 118 деген тамаша балл иегерлері бар. Сонымен қатар үздіктер қатарында 123 балл алған Ақсай қаласы №4 ЖОББМ түлегі Махаббат Түркебаева да бар. Үздік атестат иегері өзінің үздік екенін дәлелдеп-ақ тұр. ҰБТ тапсыру әлі де жалғасып жатыр. Оқушылардың алдағы уақытта қазіргіден де үздік нәтиже көрсетеміз деген үміті бар. Дегенмен, биылғы жылдың үздіктерінің саны аз болса да сапасы жоғары екенін ҰБТ-ның нәтижесінен-ақ байқауға болады. Алдағы тағдыршешті тестілеудің санаулы күндері бар. Ұстаздар мен түлектер әлі де бүгінгіден артық межі бағындырамыз деген сенімдері мол.
Махаббат Туркебаева, Ақсай қаласы №4 ЖОББМ түлегі
– ҰБТ-да алған балым еңбектің нәтижесі деп есептеймін. Нәтижені көргенде өте керемет сезімде болдым. ҰБТ-ға онлайн курс арқылы дайындалдым, сонымен қоса қосымша кітаптарды да ақтардым. Жалпы тест қиын болды дей алмаймын. Дегенмен білмейтін сұрақтарым кездесті. Сол кезде қиналып қалдым. Дайындық әлі де жеткіліксіз екенін түсіндім. Болашақта Астана қаласындағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімін даярлау мамандығына түскім келеді. Мектебім – ыстық ұям. Ұстаздарым- менің қанатым. Анама және барша ұстаздарыма айтар алғысым шексіз. Сіздерге зор денсаулық, еңбектеріңізге тек жеміс тілеймін.
Динара Ташеменова, Ақсай қаласы №7 ЖОББМ түлегі
– Әрбір жетістіктің артында еңбектің тұратыны белгілі. Ал еңбек, өз принциптеріңе деген адалдық және сенімділік үлкен жетістіктерге апарады деп ойлаймын. Осы үш негізгі қағиданы ұстана отыра мен өз жетістігіме жеттім деп санаймын. Ең бірінші нәтижені білгенде қатты қуандым. Сонымен қатар ұзақ уақыт дайындалған жұмысымның нәтижесін көрген кезде үлкен толқу сезімі де болғанын жасырмаймын. Ұлттық бірыңғай тестілеуге жүйелі түрде дайындалдым. Ең бірінші кезекте өзіме ненің қажет екенін, болашақта кім болатынымды шешу арқылы қажетті пәндердің комбинациясын анықтап алдым. Артымнан келе жатқан түлектерге айтарым да осы, яғни өзіңе мен кім боламын дегенге сұрақ қою арқылы бәрін анықтап алу аса маңызды. Тестілеуге дайындалу барысында қосымша орталықтардың көмегіне сүйендім. Ол менде Қазақстандағы үздік курстардың бірі «Juz40» орталығы болды. Бұл орталыққа мен үлкен алғысымды білдіремін.
Маған ҰБТ-ға дайындалу барысында ең қиын болғаны ол күнделікті бір режимге түсу болды. Жыл басында осыны бір ізге түсіру арқылы өзімді қамшылай алдым. Тұрақты режим болмаса кез-келген жетістікке жету қиын екені сөзсіз. Кез-келген жетістікке жетуде белгілі бір фокустар не болмаса сырлары болады деп санаймын. Ол ең бірінші кезекте ата-ананың қолдауы, мектептегі білім сапасы, оқушының мақсатқа жетуге деген күш-жігері және оқушының еңбекқорлығы. Әрине арнайы орталықтарда оқу ол жақсы, бірақ бәрібірде жоғарыда айтқандарымның біреуі болмаса жетістікке жету қиын деп санаймын. Кез келген орталық оқушыда бастауыш сыныптан бастап берілген білім болмаса нәтиже көрсете алмайды деп ойлаймын.
Алдағы жоспарым еліміздегі үздік оқу орындарының бірі Астана қаласындағы Maqsut Narikbayev University-де «Халықаралық қатынастар және дипломатия» білім бағдарламасы бойынша білім алып, өз елімнің дамуына үлкен үлес қосуды мақсат етіп отырмын. Әрине, ыңғайы келіп жатырса шет елде оқу жоспарымда бар. Қазақстан білімді жастарға үлкен мүмкіндіктер жасап жатыр. Солардың бірі Болашақ бағдарламасы. Бұл бағдарлама арқылы көптеген қазақ жастары шетелде сапалы білім алуға үлкен мүмкіндіктер алып отыр.
Өзім оқыған Ақсай қаласының №7 мектебіне тек алғыстан басқа айтарым жоқ. Мектеп маған барлық қажетті білімді берді деп санаймын. Көптеген жылдардан бері Ақсай қаласының №7 мектебі аудан бойынша сапасы жоғары үздік мектептердің бірі екені даусыз. Оған дәлел түлектерінің үлкен жетістіктері. Маған дейін де мектептің атын әртүрлі деңгейлерде аға-апаларым шығарып келді, ары қарай да шығара беретіні сөзсіз. Ұстаздарыма басты байлық - денсаулық, еңбекте табыс және оқу-ағарту саласында жасап жатқан еңбектерінің жоғары бағалануын тілеймін. Осы орайда сынып жетекшіміміз Гүлсім Меңдіғалиқызына үлкен алғысымды жеткізгім келеді. Әрқашан да мектеп мерейі мен даңқы арта беруіне шын жүректен тілектеспін.
Тілші түйіні
ҰБТ түлектердің үлкен даңғыл жолында қолға ұстайтын шырағданы іспеттес. Кімнің еңбегі зор, соның шырағы жарық, жолы анық болатындай. Грантқа түсіп ата-анасын қуантып, ұстаздарының еңбегін ақтаймын деген қанша түлек, қанша тағдыр үміт пен үрейдің ортасында ҰБТ-ға бара жатыр. Үкілеген үмітті арқалаған түлектердің арманы орындалсын деп тілектестік білдіреміз.
Мейрамбек Сыдықов
Бөрлі ауданы