Бүгін Қаратөбе аудандық мәдени-демалыс орталығы жанынан құрылған «OSCAR» балалар мен жасөспірімдер театрының алғашқы туындысы көрерменге жол тартты.
Сахналық қойылымда жетім қалған балалардың тағдыры суреттеледі. Жетімдердің бір байқауға қатысып әуе шарын ұтып алуы, жоғарыдан төменге көз тастап жердегі болып жатқан өзекті мәселелерді көзбен көріп бір-бірлеріне баяндауы қойылымның негізіне айналды. Өнерпаздар жоғарыға көтерілген әуе шардың үстінде тұрып, бұзылған кинотеатрларды, үйлерді, ғаламтордың нашарлығын сөз етеді. Сонымен қатар жетім балалардың ата-аналарын іздеуі, сағынуы да туындыға ерекше әсер берді. Қойылым кейіпкерлерін орта білім беретін мектептердің оқушылары сомдады. Атап айтсақ, Мұхит атындағы ЖОББМ-нің оқушысы Гүлнұр Нұрбекқызы және Шөптікөл МБК-нің оқушылары Алмат Тілектес, Аршат Жұмабай, Малика Мақсот.
Қойылым соңында аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры Нұрлыбек Айтқалиев жас театрдың қойылымына жоғары баға беріп, қатысушыларға сый-сияпат табыстады. Сонымен қатар қойылымды тамашалаған мекеме басшылары Айбек Зейнуллин, Нұрлыбек Жоламанов, Эльмира Каримовалар да өз сыйлықтарын тарту етсе, Нұрдәулет Сәленов 1982 жылғы туған азаматтардың атынан ақшалай сыйлықты табыс етті.
Қойылымды тамашалауға келген көрерменнің қарасы қалың болды. Сахналық көріністі жарыққа шығарған сценарий авторы Асланбек Жұбанғалиев пен қоюшы режиссер Ақылбек Амантайға көрермен зор қошемет көрсетті.
Жас театр ендігі кезекте «Батыс аймақтық театр ғажайып әлемі» фестиваліне қатысып, бақтарын сынамақ.
Әмірбек Жәнібеков,
Қаратөбе ауданы,
zhaikpress.kz