3.11.2021, 10:18
Оқылды: 45

Жоқтан бар жасаған жандар

Жұлдызда жүйелі тірлік көп. Қаймағы бұзылмаған қазақы ауыл темірден түйін түйген өнертапқыш пен шеберге бай. Өйткені ауласындағы азын-аулақ шаруашылығынан түскен табыспен-ақ отбасын асырап отырған ауылдықтар аз емес. Бірі жоқтан бар жасап,қолдан трактор құрастырса, енді бірі мемлекеттің қаражатынсыз өз ісін дөңгелетіп отыр.

WhatsApp Image 2021-11-03 at 10.14.11

Біздің кейіпкеріміз үшін ескі техника түгілі, кез келген темір алтынмен тең. Міне, сондықтан ол қолына түскен темір мен техникадан өзіне қажет дүние жасап алуға әуес. Мына шағын тракторды 28 жастағы азамат Жанарыс Шапағатұлы бір жыл ішінде құрап шығарған. Өнертапқыш оны алдын ала өлшеп сызып, бөлшектерін біраз уақыт жинапты. 10 литр жанар-жағармаймен 12 сағат жұмыс істейтін трактор өте үнемді. Шебердің өзі оны қажеттіліктен туындаған техника дейді. Кейіпкеріміз жұмыссыз болса да, қол қусырып қарап отырмай, екі қолға бір күрек тауып, бар уақытын еңбекке арнаған. -Қай қоғамда да адамды еңбек алға жетелейді. Марқұм әкем бізді жастайымыздан еңбекке тәрбиеледі. «Қара жұмыс істесеңдер де, адал еңбек етіңдер» деп ылғи айтатын.  Ол кісі өзі де техникаға өте жақын еді. Кішкентайымнан әкемнің қасында жүріп, жұмысын көріп өстім. Көбіне азаннан кешке дейін техникалардың қасында жүріп, уақыттың қалай өткенін білмей қаламын. Бұл трактор үй жағдайында аса керек. Ауылдағы ағайынның қажетіне де жарап жатады. Көріп тұрғандарыңыздай, анау тұрған шөп шабатын құрылғыны да өзім қолдан жасадым. Жаз бойы малдың азығын осымен жинадым. Жалпы, өзімізге қажет дүниені ерінбей үйреніп, қолдан жасауға болады. Тек біліп, үйренемін деп алға қарау, талпыну керек, – дейді Жанарыс. Міне, шебер қолды азамат «Құрал қат, техника тапшы» демей-ақ, қолдағы барымен үлкен шаруа атқарып отыр. Осындай жандар – жалқаулықпен күресе білетін жандар. Олар – жоқтан бар жасаған жандар. Өмір өзі ештеңені алдына тосып, дайындап бермейді. Әуел басында ойлаған ісің дұрыс болмай, қыңжыласың, ынта-жігеріңді сөндіресің. Асылында, сонысымен қызықты.

Жұлдыз ауылының тағы бір тұрғыны Гүлайым Көшкенова мата қиындыларынан түрлі дүние жасап, жеке ісін дөңгелетіп отыр. Бұл отбасының тірлігіне тамсанбай қоймайсың. Ауласында үш сүзбе қабы ілініп тұрса, үй ішінде бірінен-бірі өткен көздің жауын алатын бұйымдар тізіліп тұр. Сыртта кептірілген құрт. Нағыз ауылдың көрінісі.

Иә, Гүлайым әпкеміздің қолы шебер болса да, мата алуға қауқарсыз. Сондықтан мата қиындысын бірбіріне жалғап, қажет бұйымына пайдаланады. Кейіпкеріміздің сөзінше, негізі қолөнерге отбасымен жақын екен. Бүгінде 20 жастағы қызы Венера дизайнер мамандығын бітірген. Мына жастық қуыршақтардың бейнесін осы Венераның өзі салған. Анасына қолғабыс болып, сұлбасын дайындап береді екен.

WhatsApp Image 2021-11-03 at 10.14.11 (1)

-Құдайға шүкір, осы күнге дейін ешкімге алақан жайған емеспін. Үкіметтен ешқандай қаражат алған жоқпын. Мәселен, жолдасым екеуіміз де жұмыссызбыз. Бірақ адал еңбек етіп, қыздарымызды оқытып, өсірдік.

Жүн түтіп, көрпе жасадым, қала берсе, құрт жасап, қалаға апарып саттық. Әйтеуір қатардан қалмадық, –дейді ол өз әңгімесінде. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген осы-ау! Мемлекеттің қолдауынсыз-ақ табысқа кенеліп отырған Талғат аға мен Гүлайым әпкеміз қаржы қолбайлау болса да, қиындыққа кезіксе де тоқтамай, шаруаларын ширатты. Келешекте несие алып, кәсібімізді кеңейтсек деп жоспарлайды.

Бүгінде төрт түлік өсірген ауылда кәсіптің басқа түрімен де айналысатындар көбейген үстіне көбейіп келеді. Бұндай кәсіп қатарында ауыл халқын тамақ өнімдерімен қамтып және туған жердің келбетін келтіретіндері де бар. Осындай жұмысты атқарып жүрген олар өзінің тұрмысын жақсартып қана қоймай, айналасына да көмегін тигізуде. Дегенмен ауылда бұндай кәсіптер бола тұра, екі қолға бір күрек таба алмай, кеңседен кеңсе жағалап, «Менің анауым жоқ, менің мынауым жоқ» деген адамдар бар екенін жасыруға болмас. Оларға «Қол-аяғың балғадай, бір кәсіппен айналыс» десең, «Ешқандай жұмыстың көзі жоқ, немен айналысамын?» деп өзінің жігерсіздігін көрсетеді. Қимылдаса, бір нәрсені мақсат етсе, маңдай тердің несібесін көретінін бостандықтық кейіпкердің кәсібінен-ақ байқауға болады.  Ол 2009 жылдан бері Сарыөзеннің жағасында баубақша өсірумен айналысуда. Тек бау-бақша егіп қана қоймай, жалға алған жерінде ауылды көгалдандыру үшін көшеттер отырғызуда.  Бұл дегеніміз – Жер-Ананы сақтау, оны қастерлеп, табиғаттың қалпын бұзбай, болашаққа қалдыру. Сары алтын күз айы басталғанда аудан орталығы базарында ауыл тұрғындары Еркіннің бау-бақша өнімдерін алуға асығады. Себебі халық бүгінде дүкен сөрелеріндегі клондалған, тегі белгісіз жасанды өнімдерден ығыр болды. Сайып келгенде туған жердің топырағында өскен бау-бақша өнімдерінің және жеміс-жидектердің табиғи таза, ешқандай химиялық қоспасыз екенін тұтынушылар түсінді.

WhatsApp Image 2021-11-03 at 10.14.11 (2)

Сондықтан Еркіннің табиғи өнімін алуға асығады. Аудан орталығындағы мекеме аулаларында және басқа да ауылдарда жайқалып өсіп келе жатқан жасыл желектер – Еркіннің талдары. 10 жыл өтер, 20 жыл өтер, жас талдар алып терекке айналғанда, «Міне, Еркіннің болашаққа жасаған еңбегі осылай жайқалып тұр. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген нақыл сөз осындайдан шықса керек.  Еркін Насыров аудан тұрғындарын тек көкөніспен қана қамтып қоймай, осындай болашақтың ісімен де айналысуда.

Казталовтық Ғарифолла Ғаббасов ағамыз – бақша баптап, береке тапқандардың бірі. Бақшасында қияр, қызанақ, сәбіз, картоп, қызылша, асқабақ, қауын, қарбыз, күнбағыс, пияз, тағы да басқа көкөністер өсіреді. - Биыл бақша басындағы үйімді үлкейттім. Жаз бойы бау-бақшамыздың қасында болып, оны күтіп-баптауға бар күш-жігерімді жұмсаймын.

WhatsApp Image 2021-11-03 at 10.14.11 (3)

Жеміс ағаштарының өзіне балаша күтім керек. Сонда ғана жайқалып, көктеп-көгеріп отырады. Бейнеті қатты, дәмі тәтті, – дейді ағамыз. Еккен көкөністердің қай-қайсысы да нитрат, химикат дегендерден ада. Бақта жағалай жайқалған теректер алыстан көз тартады. Қыстың қақаған аязында да жертөледе сапасы сол күйінде сақталатын қарбызын да көріп, дәмін татқанбыз. «Еңбек еткеннің еңсесі биік» демекші, бағбанның алға жоспары көп. Бау-бақшасы аумағын бұдан әрі кеңейтіп, жеміс түрлерін арттыра түсуге ниет етіп отыр. Пісіп шыққан бақша өнімдерін ауылдастарына күзгі жәрмеңкеде саудалап жүр. Расында да, жаз айында базарлардан шыққан тегі белгісіз немесе клондалған бақша өнімдерін қымбат бағаға сатып алғанша, осындай жергілікті өнімдерді өзіміз өсірсек, ұтар едік. Осындай еңбекқор жандардың бірсыпырасының тиянақты тірлігін тілге тиек еттік. Бұл мақаламыз сан сылтауды желеу етіп, еңбек етуден жалтарғандарға сабақ болсын!

Жұлдыз Асқар,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале