3.03.2025, 14:39
Оқылды: 651

Жол бойына жайылған мал апатқа себеп болмасын!

 

Самара-Шымкент тас жолының Орал - Жымпиты 128 шақырымдық бөлігі Сырым, Теректі аудандарының территориясынан өтеді. Тоғыз жолдың торабы тоғысқан Ұлы Жібек жолының осы бөлігінде ауыл шаруашылық жануарларының (нақты айтқанда сиыр, жылқы малының) қатысумен орын алатын жол көлік оқиғалары тиылмай тұр. Оған  мал иесінің де, көлік жүргізушісініңде салғырттығы себеп екені анық.

WhatsApp Image 2025-03-03 at 08.04.54

Былтырғы 2024 жылы Жымпиты ауылының әкімшілігі және аудандық ветстанция мекемесі аудандық полиция бөлімімен бірлесіп, жол бойындағы жануарларды қамап, иесін анықтау жұмыстарын жүргізген болатын. Нәтижесінде анықталған 38 мал иесіне әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды.

Кешегі сенбіде Жымпиты ауылдық округінің әкімі Мейрам Қайырғалиев және аудандық полиция бөлімінің кіші сержанты Қайырболат Утепов Жымпиты - Орал тас жолының бойына жайылған ауыл шаруашылық малдарының жол үстіне шығып кету қаупін алдын-алу мақсатында рейдтік іс-шара жүргізді.

Мейрам Нұрмағамбетұлы төрт түлікті төлдетіп, ата кәсіптің айналасында жүрген ауылдас ағайынға үй жануарларын жол бойына жайылмауын қадағалауға, оған қоса әр малды белгіленген заңнамаға сәйкес сырғалап, таңбалауды ескертеді.

WhatsApp Image 2025-03-03 at 08.05.09

Кіші сержант Қайырболат Едігеұлының айтуынша, - “ Қазақстан Республикасының “Әкімшілік құқық бұзушылық туралы” Кодексінің 408-бабының 5-тармағына сәйкес ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді қамтамасыз етпеу - лауазымды адамдарға жиырма бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады”.

Иә, жануарларды сырғалау, терісіне чип салып, азот күшімен таңбалау мал иесі үшін де, малдан зардап шеккен көлік жүргізушісі үшін де аза маңызды нәрсе. Осы тұрғыда аудандық ветеринарлық инспекция бөлімімен сұхбаттасқан болатынбыз.

Мамандар не дейді?

- Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы" Заңының 25 бабы 5 тармақшасы бойынша жеке және заңды тұлғалар ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруге міндетті. Ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiру Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015-жылғы 30-қаңтардағы «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қағидаларын бекіту туралы» №7-1/68-ші бұйрығына сай жүргізіледі .Ауыл шаруашылығы жануарларының төлдері бұзаулар, қозылар, лақтар, боталар, торайлар – туған күнінен бастап жеті күн өткеннен кейін, құлындар – таңбалау кезінде төрт айлық жасынан бастап, чиптеу кезінде туғаннан бастап жеті күн өткеннен кейін он төрт жұмыс күнінен кешіктірілмей бірдейлендіруден өтуі қажет.  Яғни мал иелері осы уақыт ішінде алынған төл туралы ветеринариялық дәрігерге хабарлап, бірдейлендіруден өткізуі керек.

Жеке және заңды тұлғалар тарапынан ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру ережелері бұзылған жағдайда, Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 406-бабы, 15-бөлігіне сай мал өсірумен айналысатын жеке тұлғаларға 10 АЕК (39320 теңге) , шаруа қожалық иелеріне 25 АЕК (98300 теңге) көлемінде айыппұл салынады.

 

Қоңдыкер Елеуов,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале