24 ақпан күні іссапармен Орал қаласына бара жатқанбыз. Жолдың жолағы – ақ түтек боран. Қызылағаш ауылынан аса бере қызметтік «Нивамызды» жол-патрульдік полиция қызметкері тоқтатты. Жолды жауып, соны ескертіп жатқан болар деп шамаладық. Жағдай біз ойлағандай емес екен.
Түсіп жағдайға араластық. Аязға беттері ақ қырауланып кеткен қос полицей жолай өткен көліктерді тоқтатып, бірінен трос-арқан, бірінен күрек сұрап, жанталасып жүр. Біресе тізерлей салып, көліктің бауырының қарын аршып, біресе итерісіп, жанашыр болуда. Сағатқа жақын арпалыстан кейін «Tayota Camri» ақыры қар құрсауынан шықты.
Жұмыстарына адалдығын, жолаушыларға жанашырлығын көрсеткен жігіттердің есім-сойын сұрап алдық. Олар Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің патрульдік полиция батальоны, №171 бортының аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Мереке Ғабсатаров пен оның әріптесі, жол патрульдік полициясының инспекторы, полиция аға лейтананты Арман Тоғай екен. Біз әдетте, жол патрульдік полиция қызметкерлерінің қызметтерін сынап-мінеп жатамыз. Бірақ, Мереке мен Арман сын сағатта мамандықтықтыңда, адамдықтың да жүгін көтере алатындарын дәлелдегендей.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz