Өткен алты ай ішінде Бәйтерек ауданында жол апаты көбейген. Мәселен, бірінші жартыжылда 13 жол-көлік оқиғасы болып, соның салдарынан 8 адам өлімі тіркеліп, 14 кісі түрлі жарақат алған. Бұл былтырғы есептік кезеңмен салыстырғанда жол-көлік оқиғасының жеті, адам қазасының сегіз, жарақат алудың екі дерекке күрт өскенін көрсетеді.

- Өткен жартыжылдықта орын алған 13 жол апаты негізінен көлік жүргізушілерінің кінәсінен болып отыр. Атап айтсақ, бес дерек жылдамдықты асыру, төртеуі қарсы бетке шығып кету, екі дерек жолдан ауытқу (маневр) кезінде дұрыс іс-әрекет жасамау, бір деректе бұрылысты дұрыс есептемеу, тағы біреуі жаяу жүргіншінің жол ережесін сақтамауы салдарынан орын алған. Бұдан жүргізушілердің көлік жүргізу тәртібі өте төмен деңгейде екенін байқауға болады, - дейді аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Азамат Жұмағұлов.

Сондай-ақ жол-көлік оқиғаларын алдын алу мақсатында ауданның барлық елді мекенінің тас жолдары қайта қаралып, тиісті мекемелерге жыл басынан бері 78 ұсыныс берілген. Жол апаты жиі орын алатын орындар қатаң бақылауға алынған.
Сәлім Мәмбеталиев,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz