Бүгін Шыңғырлау колледжінде аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова тұрғындармен кездесу өткізді. Жиынның басты мақсаты — тұрғындардың жол мәселесіне қатысты сұрақтарына жауап беру, халыққа түсіндіру болды. Себебі, соңғы уақытта Шыңғырлауда жол мәселесі өткір тұрғаны белгілі.
Ауылдық округ әкімі Ә.Қаражанов жиынды ашып, алғашқы сөз кезегін аудандық тұрғын үй, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Е.Шаймбетовке берді. Ерсайын Хамидоллаұлы аудан орталығындағы 19 көшенің жолдарын жөндеуге жауапты мердігерлер мен бөлінген қаражаттары туралы айта отырып, орын алған мәселелердің себептерін түсіндірді. Атап айтқанда, битум мен қиыршық тастың тапшылығы неден туындағанын, мәселелердің шешілу жолдарын баяндады.
Ауыл тұрғындары жүргізілген жұмыстарға, су ағысына арналған құбырлардын тиісті жерде орнатылмауына қатысты сұрақтарын ортаға салып, оған аудан басшысы мен тиісті мекеме басшылары және мердігерлер жауап берді.
Жиыннан кейін аудан басшысы Әлия Биғазықызы мен округ әкімі Әділ Болатұлы тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдау өткізді.
Аман Ізмұхан,
Шыңғырлау ауданы