Бүгін Жаңақала ауданына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиев арнайы іссапармен келді. Алдымен шілде айында бітуі тиіс Бірлік ауылының кірме жолының құрылыс барысымен танысты. Бұдан соң Жаңақала – Жаңақазан облыстық маңызы бар автомобиль жолына ат басын бұрды.

Аудан басшысы Алпамыс Көшкінбаев республикалық бюджеттен жол құрылысына қажетті қаржы кешігуіне байланысты, сондай-ақ жарық қуатының әлсіздігінен де жұмыс баяу жүріп жатқандығын тілге тиек етіп: - Батыс өңірі бойынша жарық мәселесін шешу жұмыстары қарастырылып жатыр. Ауданға келер жылы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы арқылы жаңа трансформатор орнатылып, электр бағаналары жүргізіледі, - деді. Сондай-ақ, - Отыз шақырымы ғана аяқталған күре жолдың әлі де бітуі тиіс отыз шақырымы бар. Оның 13 шақырымына ғана қаржы бөлінген. 20 шақырымға жеткізу үшін қаржы бөлуге жұмыстанудамыз. Құрылысқа жауапты мекеме "Uniserv" ЖШС. Бір жобалық-сметалық құжатпен Мәстексай, Жаңажол, Жаңақазан ауылдарының жолдарын қамтитын боламыз. Сонымен қатар он бір жылдық мектебі бар Сарыкөл, Жуалыой, Мұқыр елді мекендеріне де халықтың сұрауымен қиыршықты тас төсеп, батпайтындай қатынас жасап беру жоспарда бар. Биыл Мұқыр ауылына конкурс шықты. Бүгін, ертең мердігер анықталып, нөлдік жол төселеді. Облыстық маңызы бар тас жол біткен соң, келер жылы Сарыкөл, Жуалыой ауылдарына да қиыршықты тас төселетін болады. Әр жолдың өзіндік статусы, мемлекеттік бағдарламалары, тиісінше бөлінетін қаржысы бар,-деді.
Нартай Аралбайұлы: - Бұл бағыттағы ауыл тұрғындары күні бүгінге дейін тас жол көрген жоқ. Ауа райы қолайсыз күндері трактормен қатынап жүрді, оған өзім де куәмін. Тас жолды жөндеп, кірме жолды қалдырып кетуге тағы болмайды. Алдағы уақытта төтенше жағдай орын ала қалса, барлық еңбек еш кетеді. Бұдан кейін бұл жаққа жол салына ма, жоқ па, белгісіз. Сондықтан орайлы сәтте сапалы жұмыс күтеміз. Бұл шалғай жатқан ауыл халқының көптен күткен қуанышы, үкілі үміті. Сұрау – сізден, үміт – бізден,-дей келе, аудан әкімінен жіті қадағалауды сұрады.
Жол үстінде өткен жиында сөз алған Жаңажол округінің әкімі Айбек Ишанов 12 шақырым ауылдың кірме жолын жөндеп беруді өтінсе, Мәстексай ауылының тұрғыны, ауданды мәслихат депутаты Қобылан Мұхамбетов ауылға 500 метр кірме жол төсеу, киік санын реттеу және аудан орталығынан өзге ауылдық округтер қазақ радиосымен қамтылмағанын айтып, Жаңақала-Жаңақазан бағытындағы үш көпірге жөндеу қажеттігін ескертті. Ал аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Руслан Уразалиев аудан бюджетінің төмен екендігін сөз етіп, округтерге 5 миллионнан артық қаражат бөлінбейтіндігіне наразылығын білдірді. Және судың ортасында өмір сүріп, техникалық су жеткіліксіз болғандықтан аудан тұрғындары бау-бақша еге алмай отырғандарын да қоса кетті. Руслан Қанатұлының бұл сөзімен Алпамыс Жаңабайұлы да келісті.
Сөз соңында ауыл қариялары Жаңақала ауданының күрделі мәселелерін ҚР Үкіметі, Парламенті және басқа да мемлекеттік органдар алдында көтеріп, шешімінің табылуына өз септігін тигізіп жүрген Нартай Аралбайұлына аудан тұрғындары атынан алғыстарын білдірді.
Айзада Ақбасова
Жаңақала ауданы