12.07.2024, 10:00
Оқылды: 654

Жолақысын бірден 25 пайызға қымбаттатқан таксистерге «қой дейтін» ешкім табылмай ма?

1 шілдеден бастап бұрын литрі 64 теңгеден сатылған сұйытылған газ бар-жоғы 6 теңгеге көтеріліп, 70 теңге болды. Есепке жүйріктер газдың 10 пайызға ғана қымбаттағанын түсініп отырған шығар. Қала мен ауыл арасына, ауыл көшелерінде жолаушы тасымалдайтын такси жүргізушілері болса, осы қымбаттауды желеу етіп, ертеңгі күні-ақ жолақысын 25 пайызға көтеріп жіберді-ау, шіркін. Басқа ауылдарды қайдам, бұрын аудан орталығынан Оралға дейін 1 500 теңгеге жетіп қалатын тұрғындар енді сол үшін 2 000 теңге төлеуге мәжбүр. Одан қала берді, ауылдың ішінде ана көшеден мына көшеге бұрын 300 теңгеге апарып тастайтын «сабаздарымыз» енді 400 теңге талап етіп, шіреніп тұр. Ал осы жүгенсіз таксистерге «қой дейтін» ешкім табылмай ма биліктен? Соны айтыңдаршы.

27D60F1E-8F21-4CD0-BA20-558F586781DD

Фото: pixabay.com

Такси жүргізушісі де бір үйдің асыраушысы, бала-шағасы, отбасының қамымен жүрген адам екені түсінікті. Еріккеннен күндіз-түні көлік тізгіндеп, екі ортаны жол қылып жүрмегені анық. Бірақ бұл бағаны негізсіз көтере беруге себеп емес қой, түсіне білсек. Қымбаттатудың да бір жөні болмай ма осы?! Былтыр емес, алдыңғы жылы жанармай қымбаттады деп, 1 000 теңгенің үстіне 500 теңгені жапсыра салған олар сол кезде «Бәріміздің көлігіміз бензиннен от алады» деп ақталды ғой. Ал биыл аяқ астынан газбен жүретін болып қалыпты тегістей.

Өзім куә болған бір-екі жайтты жаза кетейін осында. Күні кеше, маусым айының соңғы күндерінде қалаға шаруам түсіп, таксиге отырдым. Жолай жүргізуші телефонындағы өзге әріптестерінің жазған дауыс хабарламаларын тыңдап келе жатыр. Сонда құлағым шалғаны – бір жас жігіт (даусынан шамалағаным) былай жазып жіберіпті: «Бауырлар, жаңа ғана ГАИ-ге ұсталып қалып, 36 мың теңге штраф жеп алдым. Кеше де сол. Жолақысын 2 000 теңгеге көтерейік. Әйтпесе, тек штрафқа жұмыс істеп жүрміз». Қалай болғаны сонда – олардың жылдамдықты тіптен асырып, әкеле жатқан жолаушыларының өмірін қауіпке тігіп, айыппұл арқалағанына біз кінәліміз бе? Төлейтін айыппұлын жолаушы өтеп беру керек пе?

Әй, тонап жатқан да, тоналып жатқан да – өзіміздің қарапайым халқымыз. Айлығын шайлығына жеткізе алмай жүрген тұрғындарға сонда кім жанашыр болмақ, кім араша түспек? Шаруамен ара-тұра жол түссе, ештеңе емес, емі болсын, қызметі болсын, күн сайын қаладан қатынап, такси қызметіне жиі жүгінетіндер ше, аптасына бір келіп қайтатын студенттеріміз ше? Бес рет барып-қайтқаныңды есептей бер.

Мынау енді сол күні қаладан кері қайтқанда болған оқиға. Такси іздеп, базарға келіп тұрмын. Жуық арада мініп кететін көлік керек. Шапшаңдау пысығы қасыма жетіп келіп, «Аға, тағы бір адам табылса, тек кетеміз. Маған отырыңыз», - деп жік-жапар болып, қолтығымнан демеп, көлігіне қарай жетектеп апарды. Сол бір адамды күтіп отырмыз енді. Жаңағы таксиске сонда тұрған тағы біреуінің жақындап «Брат, басым шығып барады. Түнде тойдан жай келіп, ұйықтамай шығып кетіп едім жолға. Тезірек ауылға жетуім керек. Адамдарыңды маған берсең. Келесіде кері қайтарып беремін», - демесі бар ма? Ол да тасжүрек емес екен, бірден келісе кетті. Көліктің ішінде отырған біздерге басқа көлікті көрсетіп, «Кетейін деп тұрған такси. Соған отырыңыздар», - деп қояды. Басымның амандығы қымбат, түнімен ұйқы көрмеген жүргізушіге қандай сенім болуы мүмкін? Ешқайсымыз келіспедік.

Денінің саулығы нашар болса да, ұйықтамай, шаршап тұрса да, сол күні жолға шыққан адамды қалай атаймыз?

Тақтайдай тегіс жолда құстай ұшып, құйғытып айдайды, бағаны тіптен негізсіз көтереді, сөздің қысқасы – ойына келгендерін істейді мыналар. Осылай құныққан таксистерді тәртіпке салатын уақыт жетті.

Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Қарапайымдылық танытып, жол әдебін сақтап, абайлап жүретін такси жүргізушілері де кездеседі. Бірақ, баға бір. Бір көтерілген бағаның енді түсуі екіталай. Ең болмаса, такси жүргізушілері бұл қызметтеріне бейжай қарамай, жауапкершілік пен мәдениетті сақтаса екен. Беттен алып, ұрыса жөнелетіндері бар. Бәрінің бірдей көліктері анадай бір жаңа емес, ескі-құсқы. Ауыл ішінде жүретіндеріне тіптен отырғың келмейді, қолқа қабатын иіс,  бұрқыраған шаң...  Халықпен жұмыс жасап отырған соң, ең әуелі елге жайлы жағы қарастырылуы керек емес пе?!

Бұл менің ғана емес, қарапайым халықтың жанайқайы. Сондықтан елдің тілегіне аудан басшылары құлақ түріп, таксистермен жұмыстанып, жолаушыларға тиімді әрекет етуі керек деп есептеймін.

Әлде «Біз жекеміз, қалай өсірсек те, қақымыз» деп желігетін жүргізушілерді тәртіпке салу мүмкін емес пе?

Қараша Мақсот, зейнеткер

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале