Әуеде жүріп, ел үшін жан аянбай еңбек ету көптің қолынан келе бермейтін іс. Авиация – әуедегі қарсыластың соққыларынан маңызды бағыттарды, аудандарды және объектілерді қалқалауға арналған Әуе қорғанысы күштерінің негізгі маневрлік әскер түрі.
Десантшы – ол ерлік пен жігерді, мінезді, тәуекелге бара алатын батыл қасиеттерді бойына шоғырландыра білетін күш иесі. Олар бірліктің жоғарғы мектебі, бірінші дәрежедегі батырлық, нөмірі бірінші жауынгерлік әзірлік. Өмірдің шынайы бағасын десантшы ғана біледі. Өйткені ол өзгелерге қарағанда өліммен жиі бетпе-бет келеді.
Менің сыныптасым Жоламан Ысқақұлы Исаев 1997 жылдың 13-жұлдызында Тасқала ауданында дүниге келген. Отбасылы, 1 ұлы бар. Жеке кәсіпкер. 2016 жылы Алматы қаласы, Қапшағай ауданының 35-ші десанттық шабуылдаушы бригадасы құрамында әскери борышын өтеген. Бірінші ротаға Тельман Мырзахметов, Камбат Төленов, Алмас Жеңісұлы басшылық еткен.
Сыныптасым менімен әңгіме барысында әскери борышын өтегенін қызықты етіп баяндап берді. Осы салаға келгелі өзі де шымыр боп, салмақтылана түскен. Мақсаты айқын.
– Әр ер-азамат Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті. Ол жерде өмір басқа, әскери қатаңдық деген бар. Тәртіпке, шыдамдылыққа үйренесің. Бұрынғыдай ұйықтау деген атымен жоқ. Таңғы 6-да тұрып, тез-тез киімімізді киіп, жаттығу жасап, содан соң таңғы ас ішеміз. Полигонға баратын болсақ, таңғы 5-те тұрамыз. Күнделікті сабақ сабырға үйрететін мектеп десек те болады. Шынымды айтсам, ата-ананың қадірін түсінеді екенсің, ер жігіт болсаң да туған жерді, үйді сағынасың. Бір қызығы, бізді әскерге ұшақпен алып кетті. Келген соң барлық қару түрлерін танып-білдім. Бала кезімізде ойыншық мылтықпен ойнайтын едік, ал бұл жерде шынайы мылтықпен атып үйрендік. Есею деген осы шығар, – дейді кейіпкеріміз басынан өткендерін баяндап.
– Ең қызықты сәтім деп парашютпен секіруді айта аламын. Мәңгі есімде қалатыны сөзсіз. Басында аз ғана қорқыныш болды, содан соң парашютпен секіру ұнады. Ротада 45 жауынгер болдық. Барлығымен әлі күнге жақсы араласып, мейрамда жиналып, қызықты сәттерді еске алып отырамыз. Бұл да өмірдің бір белесі. Әскери өмір адамды шыңдайды. Табанды, қайсар бола түсетін секілдісің, – дейді Жоламан.
– Соңымнан ұлым өсіп келеді, ақылымды айтып, әскери борышымды өтеп келгенімді қазірден бастап құлағына құйып отырамын. Әрине, ұлым әзірге кішкентай, бірақ мен қазірден бастап жақсы тәрбие бергім келеді. Өзім осы жерге барғаныма еш өкінбеймін, қайта бойымды қуаныш сезімі билейді. Отан алдындағы борышымды өтеуге аттандырған ата-анама алғыс айтамын. Осы жерден мен өзіме, жаңа орта, достар таптым десем де қателеспеймін. Жігіттер, егер Отан алдындағы міндетті орындауға барсаңыздар, сіздер ол жерде тәртіпке, шыдамдылыққа, сабырға, ұстамдылыққа үйреніп, жақсы азамат болып келесіздер. Бұл – ер жігіттің борышы, сондықтан да ештеңеден қорықпау керек, – дейді ақ пейілімен.
Әуе қорғанысы күштері – Қарулы Күштеріміздің ең ұтқыр және техникалық жағынан жарақталған түрі. Әуе қорғанысы күштерінің жауынгерлерін әрдайым мақтанышпен айта аламыз. Олар өздерінің қол жеткізген табыстарымен еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға лайықты үлес қосып келеді.
Гүлмира Серікқалиқызы,
Тасқала ауданы,
zhaikpress.kz