11.02.2026, 9:45
Оқылды: 18

Жолда кітап серігіңіз болсын!

 

Енді Тайпақ пен Чапаев ауылынан Оралға қатынайтын қоғамдық көлікпен сапарлаушылардан жолдың жайын сұрай қалсаңыз, тап осылай жауап беретін болды. Себебі ауданда «Жолда кітаппен бірге!» атты буккроссинг жобасы қолға алынып, жолаушылар үшін жол үстінде кітап оқуға мүмкіндік жасалды.

IMG_4619

Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқитын ұлт» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылды. Енді қала мен екі іргелі елді мекен арасында жолға шығатын қоғамдық көліктерде арнайы кітап сөрелері орнатылып, жолаушылар әдеби шығармаларды оқып, келесі оқырманға қалдыра алады. Әрі қазақ және әлем әдебиеті туындыларының электронды нұсқасын осы көліктерге жапсырылған QR код арқылы жүктеп те алуға болады.

IMG_4622

Алдымен бұл жобаның игілігін өткен аптаның жұмасында Орал қаласынан Тайпақ ауылына бағыт алған аутобус жолаушылары көрді. Оларды кешқұрым аудан орталығынан кітапханашылар су жаңа кітаптармен  қарсы алды.

Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі қолға алған жобаның ашылу салтанатында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерболат Мұхтарұлы сөз сөйледі.

– Кітап – адамзат тәжірибесінің, тарихының, даналығының баға жетпес жиынтығы, жауһар қазынасы. Кейде күнделікті тірлікте кітап оқуға қолымыз тимей жататыны рас, ал енді сапарлатып, жолға шыққанда, құнды туындылармен қауышуға ерекше жағдай жасалып отыр. Жоба арқылы қоғамда кітапқа деген сүйіспеншілікті нығайтамыз, білімге құштарлықты қалыптастырамыз деген үміттемін, – деген ол жобаның мән-маңызын атап өтті.

Жобаға жергілікті кәсіпкерлер де  үлес қосқаны қуантады. Олар кітапханаға кітап коллекциясын сыйға тарту еткен. Жоба жөнінде газет тілшісіне сұхбат берген аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Роза Мұсағалиеваның айтуынша,  жекелеген ауыл тұрғындарының тарапынан жоба қолдауға ие болған.

– Бұл – өте пайдалы жоба екен. Тайпақ пенен облыс орталығының аралығы – үш-төрт сағаттық жол. Көбіне бір күнге барамыз тек шаруамызбен. Таңертең шығып, кеште ауылға қайтамыз. Сондайда кітап оқып, жолды қысқартқан, сөйтіп әдебиетпен қауышқан керемет емес пе?! Әсіресе ұл-қыздарды кітап оқуға ынталандырады деп ойлаймын, – деп қуанды аутобус жолаушысы Амангүл Әділова.

 

«Жол мұраты – жету» дейді халық, ал енді сол жолда ақылына ақы сұрамайтын кітап жолаушыға серік болсын деген тілек айтамыз жолаушыларға!

Әсем Есбек,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале