Еліміздің инфрақұрылым саласында қадау-қадау ілгерілеу бар екені айқын байқалады. Әсіресе елді мекендерде жаңа жолдар салынып, халықтың тұрмысын жақсартуда, ауылдар арасындағы қарым-қатынасты оңтайландыруда оң өзгерістерге баршамыз куәміз. Алайда өмірімізді жақсартқан осы тақтайдай тегіс жолда үлкен жауапкершілік пен мәдениет қажет екенін көбіне-көп ұмытып жататындардың қатары қалыңдап келеді. Өкінішке қарай, соңғы жылдары жиілеген жол-көлік оқиғалары, соның салдарынан бейбіт күнде жазықсыз жандардың опат болуы, ауыр жарақат алуы кім-кімді болса да, алаңдататыны сөзсіз.
Ең сорақысы — мас күйінде көлік басқаратындар азаяр емес. Ішімдік ішіп алып, рөлге отырса, өз өміріне ғана емес, өзгелерге де қатер төндіретінін түсінбейтіндер көп. Бұл – тек жол тәртібін бұзу емес, адам өміріне қастандық жасаумен пара-пар қылмыс. Осындай ойсыздардың кесірінен болған қайғылы жағдайлар туралы күн сайын әлеуметтік желілер мен жаңалықтардан көріп жүрміз.
Ақжайық аудандық сотында дәл осындай екі оқиға қаралды. Бірі – Т. есімді азамат, мотоциклмен мал іздеуге шығып, Атырау-Орал тасжолы бойында ұсталып қалған. Жүргізушіні тексерген полиция қызметкері оның мас күйде көлік басқарғанын тіркеген. Оған қоса жүргізуші куәлігі де, құжаттары да болмаған. Екінші іс – Ж. есімді жаңабұлақтық азамат. Ол аудан орталығында түнгі мезгілде «Лада» көлігін ішімдік ішкен күйінде жүргізген. Екеуінің де ісі бойынша сот процесін Ақжайық аудандық сотының судьясы Гүлжиһан Сағитова жүргізді.
Сот процесінде екі азамат та өз істерін «білместік» деп ақтағысы келді. Бірі «жалғызбастымын, кешіріңіз» десе, екіншісі «қолымда ата-енем бар, ауруханаға жиі апарамын» деп, жеңіл жаза сұрады. Ендігәрі қайталамайтынын айтып, ант-су ішкен екеуін тыңдап болған соң, судья Гүлжиһан Сағитова: «Арақ іштіңіз бе, рөлге жоламауыңыз керек еді. Бұл – қоғам қауіпсіздігіне салғырт қарағаныңыз. Заң бәріне ортақ. Адам өмірі ойыншық емес, ал егер рөлді басқара алмай, жазатайым біреудің өміріне қауіп төндірсеңіз ше? Сондықтан жауапкершілікті мойынмен көтеру керек, – деп қатаң ескертті.
Нәтижесінде мергендік Т. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 6-бөлігімен кінәлі деп танылып, жиырма тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Ал жаңабұлақтың Ж. болса, 608-баптың 1-бөлігінде қарастырылған жазаға сай, он бес тәулік әкімшілік қамаққа алынды және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.
Аудандық соттың статистикасына сүйенсек, осы жылдың басынан бері осы баппен 12 іс қаралған. Бұл өткен жылғы сәйкес мерзімдегіден артық – 10 іс. Көріп отырғанымыздай, заңның талаптарын сақтап, жауапкершілікті ұғынатын жүргізушілердің саны азаюдың орнына көбейіп тұр. Осыдан-ақ жүргізушілік мәдениеттің төмендеп, жауапкершіліктің әлсірегенін байқауға болады.
Мас күйінде көлік басқару – барып тұрған санасыздық. Осындай санасыздықтың салдарынан бейбіт күнде қара жолдың өмір мен өлім шекарасына айналғаны кім-кімді де алаңдатуы тиіс. Иә, қазір адамдардың онсыз да жанталасып, асығып, аптығып жолға шығып, жылдамдықты асырып, өзіне де, өзге де қауіп төндіріп, артынан өкіріп тұрып өкінген жағдайлардан мысал толып жатыр. Бірақ сол мысалдар көпке неге сабақ болмай тұр?!
Заңнан қорыққаннан емес, өзінің және өзгенің өмірін құрметтеп, тәртіпті сақтау керек жолда. Темір тұлпардың рөліне отырған әр адам бұлжытпас осы қағиданы естен шығармағаны қажет қоғамның қауіпсіздігі үшін.
Аида Асылбек,
Ақжайық ауданы