Бөкей ордасы ауданы басшысы Нұрлыбек Даумов ауылдық округтерге барып, жол құрылысының барысымен танысып, табысын көкөніс егуден тауып отырған кәсіпкерлермен кездесті.

Таратып айтсақ, аудан әкімі Мұратсай ауылына кіреберіс 18 шақырым тас жол құрылысымен танысты. Аталмыш нысанға жауапты «Теміржолжөндеу» ЖШС уәкілі жұмыс барысымен таныстырды. Өз кезегінде аудан басшысы құрылыс қарқынын арттыруды міндеттеді.

Мұратсайда аудан басшысы қарбыз егуді қолға алған мұратсайлық Ақылбек Темірғалиевтің кәсібімен де танысты. Қазіргі таңда 1га жерге қарбыз еккен кәсіпкер бұйыртса 100 тоннадан астам қарбыз алмақшы екенін айтты. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша төмен пайызды несиеге өтініш берген Ақылбек Темірғалиев болашақта бұл кәсібін кеңейткісі келеді екен.

Өз іссапарын Бисен ауылдық округінде жалғастырған Нұрлыбек Даумов Бисен- Ұялы тас жолының құрылыс барысын да қадағалады. «СМУ-5» ЖШС уәкілі жұмыстың тек 800 метрді қамтығанын жеткізді.

Өткен жылы барша ауданға Айбаста өскен қарбызын сатып танымал болған Мейрам Азизов та аудан басшысының назарынан тыс қалмады.
Қазіргі таңда жылыжай арқылы қияр, қызанақ және қарбыз егумен айналысып отырған Мейрам Ғазезов 4000 түп қарбыз дәнін, 2000 түп қызанақ отырғызғанын айтты. Ал қияр өсіп үлгерген екен. Бір күнде 30 келідей қияр жинап, ауылдастарына 650 теңгеден сатып отыр.
Еркебұлан Рахметолла
Суретке түсірген автор