Оралда 2007-2008 жылы туған қыздар арасында волейболдан ашық турнир өтті.
9 команда қатысқан турнирде «Сырым» волейбол командасы ІІІ орынға ие болды. Сырымдық 2009-2011 жылғы қыздар бақ сынаған додада, өзге шұбар доп шеберлері арасынан сырымдық «Үздік шабуылшы» атанды.
Ақжолтай хабармен бөліскен «Сырым» волейбол командасының жетекшісі, А.Шайхиев атындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Рамазан Кәрімов қыздардың аталған додада бақ сынауына мүмкіндік берген спорт мектебінің директоры Бауыржан Ихсанов пен қаржылай қолдау көрсеткен ата-аналарға алғыс білдіреді.
Әрине, аудан намысын асқақтатар Рамазан Жайдарбекұлының шәкірттері, болашақ волейбол жұлдыздары ауданымызда жетерлік. Бір әттеген-айы шұбардопшылар қаржылай қолдау болмауына байланысты аталған облыстық жарыстармен шектелуге мәжбүр. Рамазанның сөзіне сүйенсек, волейболшы қыздар бүгінде өз бабында, кез келген облыстық, республикалық турнирлерде топ жара алатындай. Тек, сол жарыстарда бақ сынау үшін ауданнан жолақы ғана жетіспей тұр.
Бір турнирден жолдама алу үшін де, жолақы керек екені мәлім. Алайда, аудан орталығында волейбол спортын қолға алып, 5 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан жас маман Рамазанның да, 8 жастан бастап аталған спортқа құштар болған жәудір көздердің де тауы шағылып қалмай ма деп алаңдаймыз.
Сырым елінде тек күрестен ғана емес, волейбол спортынан да жарық жұлдыздар шығып, әлемдік додаларда жеңіс туын желбіретер болашақ чемпиондар шықса, нұр үстіне нұр болмай ма?!
Айжан Бауыржанқызы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz