Бүгін Жәнібек аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ләззат Садирова мен аудандық «Мансап» орталығының директоры Миранбек Ибатов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдаған Жолдауын талқылап, ауыл тұрғындармен пікірлесу мақсатында Жақсыбай ауылына барды.
Ауыл әкімі Алмат Қаратаев ауылдың тыныс-тіршілігін тілге тиек етіп, соңғы уақытта өркендеуге бет алған Жақсыбайдың жақсы тұстарын айтты.
Жолдаудың ең басты мақсаттарының бірі – шекара аймағындағы ауылдың жағдайын жақсарту.
Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдаған Жолдауында бірқатар өзекті ойларды тарқатқан болатын. Шалғайдағы ағайынды жарқын болашаққа қадам басқан жаңа әрі әділетті Қазақстанның болашаққа құрған жоспарларымен таныстырып, оны талқылау үшін аттанған ақпарат тобының мүшелері бар болғаны бір жарым жылдың ішінде серпіліс берген өзгерістерді жеткізді.
Мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы соңғы үш жылда екі есе өсіп, қоғамда айтарлықтай орны қалыптасты. «Жайлы мектеп» жобасының арқасында елімізде 400-ге жуық мектеп салынады. Жаңа Экология кодексі және Көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейін стратегиясы қабылданды. Соңғы 5 жылда жаңартылатын энергетиканың елімізде өндірілетін қуаттың жалпы көлеміндегі үлесі 5 пайызға өскен. Осы сияқты оң өзгерістер көңілге жылылық ұялатады.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының:
– Стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдауымыз қажет. Бұл – 2019 жылы сайлау алдында менің халыққа берген уәдем, - деп Жолдауда айтқан сөзі ескі жүйенің дәуірі аяқталғанының айқын белгісі.
Кездесуде Миранбек Нұрланұлы мемлекеттік бағдарламалармен жобаларға және гранттарға тоқталып, ауыл жұртшылығына нақты ақпарат берді.
Әлібек Қаржау,
Жәнібек ауданы