7.09.2022, 17:00
Оқылды: 46

Жолдау жаңа мүмкіндіктерге жетелейді

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа Жолдауында бірлігімізді бекемдеп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бірқатар бастама көтерілді. Әрине, маңызды құжатта қамтылған барлық мақсат-межелер Үкіметтен бастап қарапайым тұрғындарға зор міндеттер жүктейтіні сөзсіз. Жер-жерде еліміздің экономикалық-әлеуметтік, саяси-рухани әлеуетін арттыруға Жолдауда көрсетілген бағыт-бағдар жіті талқыланып, тапсырмаларды орындау бойынша жұмыстар саралануда. Бұл істен еліміздегі маңызды саяси күш «AMANAT»  партиясы да тыс қалған жоқ. Партияның аудандағы филиалы апта дүйсенбісінде белді мүшелерінің басын қосып, актив өткізді.

IMG_9887

Аудандық партияның төрағасы Қалияр Айтмұхамбетов ашып жүргізген актив отырысына аудандық мәслихат депутаттары, саяси кеңес, фракция мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, қоғам  белсенділері қатысты.

– Жолдау бүкіл әлемді елегізіткен геосаяси күрделі кезеңде жарияланып отыр. Алпауыт елдердегі тұрақсыздық бізге де әсерін тигізбей қоймайды. Осындай алмағайып кезеңде ұлт бірлігін сақтап қалу, ортақ игілігімізді еселеу керектігі – уақыттың бұлжытпайтын заңдылығы. Жолдаудан туындаған міндеттер әрқайсымыздан жедел де ықтиятты істерді талап етеді, – деді Қ.Айтмұхамбетов.

Одан соң активтің күн тәртібінде «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Артур Ермұқанов баяндама жасады.

Ол өз сөзінде Жолдауда көзделген межелерді атай отырып, партияның алдағы жұмысына артылатын маңызды міндеттерді де баса көрсетті.

– Жолдау әрқайсысы тірлігіміздің түрлі саласын жандандыруды көздеген бес бағыттан тұрады. Ең маңыздысы – саяси құжаттың негізгі бөлігінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған тың бастамалар көтерілді, сол арқылы ұлт табысын арттыруды мақсат еткен көрсеткіштерге қол жеткізу көзделген. «Азамат – бизнес – мемлекет» үш тағаны арасындағы қатынасты өзгертуге де бағдар айқын. Оның дәлелі – Президентіміздің шағын және орта бизнесті дамытуға қатысты бірқатар бағыттарды ұсынуы. Мұнымен қоса, қарапайым еңбек адамдарын да назардан тыс қалдырмай, ең төменгі жалақының 70 мыңға дейін көтерілетінін айта отырып, бұл қадамның Жаңа Қазақстанның келешектегі келбетін қалыптастыратынына да сенім білдірді, – деді А.Ермұқанов.

Сонымен қатар ол Жолдауда айқын көрсетілген жер және табиғи ресурстарға қатысты міндеттерге де тоқталып, ұсынылған «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы, өзге де тың жаңалықтарды айта кетті. Филиалдың атқарушы хатшысы партияластарды жаңа белестерді бағындыруға жетелейтін жаңа, әділетті мемлекет құру жолындағы ортақ іске үлес қосуға шақырды.

Актив қорытындысы бойынша тиісті қарар қабылданды.

Әлия Шарапиева,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале