15.09.2023, 17:00
Оқылды: 61

Жәнібектіктер Жолдауды талқылады

Бүгін Жәнібек аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ләззат Садирова мен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Нұрболат Садырбаев ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдаған Жолдауын талқылап, ауыл тұрғындармен пікірлесу мақсатында Тау ауылына ат басын бұрды.

ABEB5A17-7FA5-4D12-8E75-F3392BF23648

Ауыл әкімі Кенжебек Еркеғұлов ауыл тұрғындарына жиынның мақсатын түсіндіріп, жолдауға бей-жай қарамауға шақырды. Сөз алған Ләззат Айтқалиқызы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының Жолдаудағы айшықты ойларын жан-жақты талдап, басты қағидалардың орындалуына халық болып атсалысу керегін айтты.

«Бәріне бірдей мүмкіндік беретін өркениетті ел – Әділетті Қазақстанды құрамыз», - деген мемлекет басшысының сарабдал саясатын жүзеге асыруда қарапайым ауыл тұрғындары, жалпы әрбір қазақстандық азамат бұғып қалмауы тиіс. Себебі су тапшылығына тап келу, ауыл шаруашылығын дамыту, балалардың зорлық-зомбылыққа ұшырамауы, білімді мамандардың жетіспеуі, мәдениеттің қалыптаспауы тікелей сіз бен бізге байланысты.

– Мысалы, шетелдіктер кез-келген дүниесіне үнеммен қарайды. Көп шетелдік азаматтармен бір жиында болдым. Олар біздің суды шектен тыс пайдаланып, ысырап ететінімізге жиіркенішпен қарайды. Алдағы жылдарда су тапшылығы болуы мүмкін деп дабыл қаққан Мемлекет басшысы өзінің халыққа жолдаған Жолдауында үнемдеу керегін қадап айтты. Әсіресе, ауылшаруашылығында ауыз суды ысырап ететіндер бар. Әуелден қазақ «судың да сұрауы» бар деп бекер айтпаған. Одан өзге мал асырап сүт өнімдерін дүкеннен сатып алатын жандар да қолда бар алтынның қадірін түсінсе екен деймін. Біз де керемет мүмкіндіктер бар. Тек оларды жүйелі түрде пайдаланып, өз қажетімізге жұмсауда қырағылық танытқан жөн, - деген Ләззат Айтқалиқызы таным көкжиегін кеңейтіп, сананы біліммен толтырып, күресті өзімізден бастау керек деген ойда.

Айтқанының жаны бар деген болсақ, қателескеніміз емес. Ең басты байлық – халық. Елдің санасы тың дүниелер ойлауға, жарқын болашақ үшін күресе алатын деңгейге жетсе ғана озық елдердің қатарына кіреміз. Ал жан-жақтан тартқылап, біріге алмасақ жағдай мұнан да қиындай түспек.

Нұрболат Мұхтарұлы өз пікірінде елді жұдырықтай жұмылуға шақырды.

– Ауылда отырмыз ғой. Бізге қатысы жоқ қой деген ойдан арылайықшы. Біздің мақсат – сіздермен еркін бағытта Жолдауды бүге-шігесіне дейін талқылау. Міне, елдің ертеңі біздің қолымызда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы бірқатар мәселелер мен әртүрлі саладағы өзгерістерге назар аударды. Оны атқарып, кешегі жүйе мен қиын кездің артта қалуы үшін еңбектенейік. Өзіміздің саламызда жауапкершілікпен қызмет атқарып, жаңашылдыққа беттейік. Ол қиын дүние деп ойламаймын. Жай ғана Отанымызды жүрекпен сүйсек жетеді. Жолдау жолданды. Біз оянайық, - деді өз сөзінде.

Бұл сөзге тұрғындар бірден қосылып, өз ойларын ортаға салды. Жиында соңында киббербуллинг, интернет алаяқтық жөнінде айтылды. Бүгінгі таңда ұялы телефонға хабарласып, код сұрайтын алаяқтарға қарапайым халық жиі алдануда.

Ақпараттық топтың мүшелері сақ болып, өзге нөмірден қоңырау шалғандарға жауап бермеу керегін ескертті. Таулықтар Жолдаудың мағынасы мен мәнін жете түсініп, орындалатын жолда еңбек етеміз деп тарқасты.

Әлібек Қаржау,

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале