Бүгінгі бала – ертеңгі ел болашағы. Ел келешегінің нұрлы болуы өскелең ұрпақтың өнегелі тәрбие алып, дені сау және кемел ақыл-ой иесі болып ержетуіне тікелей байланысты. Сол себепті мемлекетіміз баланың жан-жақты дамуына, алаңсыз білім алып, өсіп жетілуіне бар жағдайды жасап келеді. Егемендік алып, ел еңсесін тіктегелі бері мемлекет қаржысының көп бөлігі денсаулық және білім саласына салынуда. Бұны біз ауыл-аймақ пен қалаларда бой көтеріп жатырған заманауи үлгідегі мектептерден, балабақшалардан және мамандандырылған арнаулы оқу орындары мен жоғары білім беретін оқу орындарының қарқынды құрылысынан көре аламыз. Озық үлгіде талапқа сай жабдықталған білім ордалары, педагог мамандығына қойылған жоғары талап, тәрбие мен білімді қатар сіңіру үшін жасалып жатырған мемлекеттік бағдарламалар легі, тағы-тағы айта берсе таусылмайтын тың қадамдар Тәуелсіз елдің тұғырының берік болуының негізі десек қателеспейміз.
Фото дереккөзі: kazbilim.kz
Бала тәрбиесі мемлекет идеологиясының маңызды бір саласы іспеттес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялауының да түп-төркіні де осы болса керек-ті. Ел Президенті жаңа жылдық құттықтауында ресми түрде «Балалар жылын» жариялап, өскелең ұрпақтың жақсы өмір сүруі мемлекеттің басты міндеті екенін атап өткен еді. «Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар аз емес. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек. Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан да алдағы жылды «Балалар жылы» деп жариялау керек деп есептеймін. Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз», – деді Мемлекет басшысы. «Балалар жылы» деп белгіленген биылғы жылда балалар үшін жасалған жұмыстар аз емес. Сол жұмыстардың жалғасуына жақсы бағдар ретінде мен президент Қ.Тоқаевтың 2022 жылдың 1 қыркүйегі күні Қазақстан халқына жолдаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты жолдауын айтар едім. Ел ертеңінің бағыт-бағдарын айқындап, алдағы жасалар жұмыстардың жобасын айшықтаған жолдауда мемлекет үшін маңызды мәслелер бес бағдарға бөлініп көрсетілген. Сол бес бағдардың үшіншісі «Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция» деп аталып, жолдаудың осы бөлімінде өскелең ұрпақ болашағына қатысты қадамдар нақтыланған. Атап айтар болсақ мектепке дейінгі тәрбие жұмысына баса назар аудару, екіден алты жасқа дейінгі балаларды толық балабақшамен қамтуды түпкілікті шешу, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін көтеріп, еңбекақысын жоғарылату, жұмыс жүктемесін азайтып, оларды аттестациядан өткізу және «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын қолға алу секілді тапсырмалар берілген. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген халық даналығы бекер емес. Мектепке дейінгі тәрбиенің іргетасын қалайтын балабақша мен ондағы өз ісіне ұқыпты тәрбиешілер екені даусыз. Жарияланған жолдауда барлық фактордың бір-біріне тікелей әсер ететіні ескеріліп, білікті кадр арқылы бала тәрбиесін жетілдіру жайы айтылған.
«Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады.» делінген жолдауда. Қайта жабдықталып жаңарған мектепте оқу – оқушылардың алаңсыз білім алуының бірден бір факторы. Межелі мерзім ішінде заманауи мектептер санын көбейту тапсырмасы да балалар үшін жасалып отырған жұмыс. Мектеп формасының қолжетімділігін қамтамасыз ету, әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасы балаларын мектеп формасымен мемлекет есебінен қамту қарапайым халықтың қалтасына да қонымды болмақ.
«Біз 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімін сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартамыз. Балалардың ең маңызды шағында – сәби кезінде ата-аналары жанында көбірек болады.» Осы жолдардағы маңызды бетбұрыс мемлекеттің ана мен бала мәселесіне бейжай қарамайтындығының дәлелі. Қазіргі, нарыққа бейімделген заманда отбасындағы ер адаммен қатар әйел адамныңда жұмыс жасап, отбасылық бюджетке үлес қосуы заңды құбылыс. Көптеген әйел адамдар сәбилі болғаннан соң, әлеуметтік төлем тоқтағаннан кейін жұмысқа ерте шығуға мәжбүр. Ал келер жылдан бастап әлеуметтік төлем төлеу мерзімі ұзартылар болса, ананың бала жанында ұзақ уақыт болып, оны бағып-күтуге мүмкіндігі молаймақ.
«Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын.
Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді.» деген ел Президентінің сөздері барша Қазақстандықтарды бір серпілтті десем қате айтқаным болмас. Бастама 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолға алынатын болады. Ел болашағы үшін инвестицияны бүгіннен бастап салып, «Ұлттық қор» есебінен әр бала үшін қаражат аударып отыру ісі ертеңін ойлайтын, жасампаз Мемлекеттің әрекеті. Кішкентайлардың қамсыз келешегі қай ата-ананың болмасын қуанышы.
Қорыта айтқанда, «Балалар жылында» балалар үшін жасалар жолдау жүктеген міндеттер аясында біршама жақсы жұмыстар жүргізіледі деп сенеміз. «Балалар – ел болашағы» деген ұранмен үндескен үлкен бастамалардан келешектің күтері көп.
Жансая Жұмажанқызы,
Казталов ауданы