Бәйтерек ауданы орталығында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері «Батыс» Өңірлік қолбасшылығы Теңіз жаяу әскері 25744 әскери бөліміне аттанатын жас сарбаздарға арналған «Жолың болсын, жас сарбаз!» атты басқосу өтті.
Жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру, сол арқылы әскери қызметті өтеу кезінде жастарды ептілік пен төзімділікке тәрбиелеуді мақсат еткен шараға, сол салада еңбек етіп жүрген қызметкерлер, ардагерлер мен жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының мамандары қатысты.
Шараға төрағалық еткен Бәйтерек және Тасқала аудадарының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлім басшысы Қуат Мателиев жастарды меймандармен таныстырып, басқосудың мақсатына тоқталған соң, жас сарбаздарға Отан алдындағы борыштарын абыроймен атқаруға тілек білдірді.
Одан соң сөз тізгінін алған, ауданға қарасты Қаражар ауылының тұрғыны, Семей полигонында әскери борышын өтеген Асқар Қанатұлы мен Батыс Қазақстан облыстық әкелер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мырзағали Сатыбалдыұлы әскери борышын өтеу кезіндегі бастарынан өткен оқиғаларды әңгімелесе, ауған соғысының ардагері Андрей Каверин жастарға ақылын айтып, өзінің әскери өмірін еске алды.
Сонымен қатар, шара барысында Бәйтерек аудандық пробация қызметінің инспекторы әділет аға лейтенанты Айнат Жәмиев сөз алып, жас сарбаздарға сәтілік тіледі. Сондай-ақ ол әскерден оралғаннан кейін ішкі істер органдарында жұмыс атқаруға болатындығы жайлы кеңесімен бөлісті.
Кеш қонақтары, өзара ой бөлісіп, пікір алмасқан отырыс жас сарбаздардың ерік-жігерін шыңдай түсті.
Сонымен қатар жиында Бәйтерек аудандық мәслихатының депутаты Ұлданай Сейітқалиева мен жастар ресурстық орталығының басшысы Жанар Губашева болашақ сарбаздарға, әскери қызметтің үлкен өмірге енді аяқ басқан бозбаладан батыл шешімдер қабылдар тұлға қалыптастыру мектебі екенін, сол мектептен ел сенімін ақтайтын тұлға, мәртебесі биік маманға айналуларына тілектес екендіктерін жеткізді.
Шара соңында жас сарбаздарға ардагерлер арнайы сыйлықтар табыстап, сәттілік тіледі.
Назерке Сыйлыбаева,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz