Бәйтерек ауданы Железнов ауылдық округінде осы кезге дейін жыл сайын көтеріліп жүрген ауыл тұрғындарының аудан орталығы мен ауылды қосар жолды жөндеу туралы сұрағы 2020 жылы оңды шешілді. Бүгінде Переметный-Вечный тас жолының Железнов ауылына дейінгі бөлігі толықтай жөнделді.
«Жұмыспен қамту» бағдарламасы бойынша Новенький ауылындағы Деркөл, Школьная және Жеңіс көшелеріне су құбыры тартылған. Жалпы өткен жылы Новенький ауылындағы 190 үйге су кіргізілді,- деді Железнов ауылдық округінің әкімі Ербол Сидағалиев Железнов ауылында өткен аудан әкімінің есептік кездесуінде.
Ауылнайдың сөзінше, округте бұдан бөлек көше жарығына қосымша шамдарды орнату, Железнов–Гремячий жолдағы көпірді жөндеуге қажетті жобалық-сметалық құжаттарды дайындау сияқты жұмыстарды да атқармақ екен.
Ауылда 2019 жылы талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жұмыстары жүргізілген. Былтыр интернет желісіне Ульянов және Новенький мектептері, дәрігерлік амбулатория, округ әкімшілігі мекемелері қосылыпты. Сондай-ақ «Кар-тел» мекемесі 2020 жылдың қараша айында Железнов ауылындағы станцияға 4G интернет желісін қосқан. Новенький ауылында ұялы байланыс сапасы нашар екенін де қаперде ұстап отырған округ әкімі биыл аталған елді мекенді 3G желісін іске қосуды жоспарлауда.
-2020 жылы ауылдық округті абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілді. Санитарлық тазалау жұмыстары көктемгі және күзгі мезгілдерде үнемі бақылауда ұстадық. Соның арқасында біраз қоқыс арнайы орындарға шығарылды. Былтыр Железнов және Новенький ауылдарында орналасқан тұрмыстық қатты қалдықтарын жинайтын орындар жасақтауға жобалар әзірленіп, құжаттар жасақталды. Биыл қоқыс тастайтын орындардың айналасын қоршау жұмыстары атқарылады,- деді ауыл әкімі.
Ауылда бұралқы иттерді аулау ісі де шешімін тауыпты. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру мәселелері бойынша Железнов және Новенький ауылдарындағы Гавриловка және Деркөл өзендерінің бөгет салу мәселесі де реттелгендей. Алдағы уақытта құжаттары рәсімделмек. Новенький елді мекенінің клубы алдына кеспе тас төсеу жоспарлануда.
Сонымен қатар Новенький ауылына медициналық пункт салу мәселесі де күн тәртібінде тұр екен.
Кейін аудан әкімі Марат Тоқжанов сөз алып, өткен жылы атқарылған жұмыстарды баян етті. Ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік әлеуметтік нысандарды жөндеу және инфрақұрылымды жетілдіру жайын аудан басшысы алға тартты. Сондай-ақ биылға жоспарланған бірсыпыра жұмыстардың жайына да тоқталды.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz