Жазғы демалыстардың қарсаңындағы мамырдың мамыражай күндері Ақжайық ауданы Тайпақ ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептің педагогикалық ұжымы мен оқушыларын әдеттегідей қуантпай тұр. Өйткені осы айдың 9-ы мен 11-і аралығында толассыз жауған нөсердің салдарынан мектептің төбесінен су ағып, қабырғасы сыз тартыпты. 35 жылдан бері жөндеу көрмеген білім ордасының мүшкіл халіне күйінген ата-аналар 12 мамырда редакцияға хабарласып, көмек сұрады. Алдын ала айта кетейік, апта сейсенбісінде жөндеудің жырына нүкте қойылып, мердігер өз жұмысын бастап кетті.
Мектептің шығар-шықпас жаны қалды
– Алло, редакторсыз ба? Тайпақ ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің 2-сынып ата-аналарының атынан хабарласып отырмын. Екі күн тоқтамастан жауған жаңбырдан мектебіміздің төбесінен су сорғалап, едені шылқып жатыр. Балаларымызды 10 мамырда сабаққа жіберген жоқпыз, – дейді есімін атамауды өтінген жас келіншек телефонның ар жағынан.
Оның айтуынша, асхана, спорт залы, балалар кіргенде аяқ киімін шешетін жер, информатика кабинеті, өзге де сыныптарға су кеткен.
– Әрине, баласының білім алғанын әрбір ата-ана қалайды. Сол күні мектептің Whatsapp-мессенджеріндегі тобына мұғалімдер шатырдан су сорғалап ағып жатқанын айтып ескертті. Баланы сабаққа жіберуді ата-аналардың өз еркіне қалдырды. Соны естіген соң көбіміз балаларымызды оқуға жібермедік. Артынан мектепке өзім барып, барлық жағдайды телефонға бейнежазбаға түсіріп алдым. Кіре берістен шылқыған су түгел дәлізге кетіпті. Мен барғанда төбеден су әлі сорғалап тұр. Дамыған заманда осындай апатты ғимаратта бала оқиды деген түк ақылға сыймайды емес пе?! Су тасты да жібітеді, шатыр, сылақ тұрмақ. Мектептің төбесі опырылып, қаннен-қаперсіз сабақта отырған баламыздың ертең үстіне құласа, кім жауап береді? Мектептегі білім сапасына қояр еш сыным жоқ, ұстаздар тәжірибелі. Тек сол білімді дарытатын мектептің жаны шығар-шықпас, – деп ашынады ата-ана.
Ашынуы да жөн-ақ. Үш қабатты мектептің бірінші қабатында орналасқан асханаға дейін су кіргесін, қайтсін. Оның сөзінше, ата-аналар «Бәрі жақсы болады, жөндеу жасалады» деген уәдеге де әбден тойыпты. Осыдан төрт жыл бұрын арнайы техникалық тексерістің қорытындысымен күрделі жөндеуді қажет ететіні дәлелденген мектепке жөндеу жасалмақ түгіл, шатырына, ең болмаса, бір жамау да жамалған жоқ.
«Жанымды шүберекке түйіп отырамын»
Білім ордасының жағдайына алаңдап, әбден сары уайым болған мектеп директоры Нұржамал Өтепбергенқызы тілшімен өткен аптада болған сұхбатында: «Мектебіміздің ғимараты типтік үлгіде салынған, 624 орындық. Бүгінде 1-11 сынып аралығында 160 оқушы, мектепалды даярлық тобында - 16, шағын орталықта 25 бала тәрбиеленуде. 1987 жылы бой көтерген ғимараттың көргені – тек ағымдағы жөндеу ғана. Мұндай жағдай бірінші рет емес, осыған дейін де жаңбыр жауса, жанымызды шүберекке түйіп отыратын едік. Осыда информатика, шеберхана, еңбекке баулу кабинеті, химия, әскери дайындық, мектепалды даярлық сыныптары, асхана, бұрынғы кітапхананың бөлмесі (соның төбесінен алғаш су кеткенде, бүкіл кітап қорын өзге кабинетке көшірген едік), спорт залдың еденін су шайды», – деп бүкіл жайтты бүкпесіз хабарлады.
Мектеп директорының сөзінше, 2008 жылы ғимараттың 2 және 3 қабатына ішінара жөндеу жасалыпты. Атап айтсақ, жары тегістеліп, есіктері ауыстырылған, дәлізге кафель төселген. Бірақ жаңбыр сайын төбеден сорғалаған су бұл жұмыстарды жоққа шығарады. Мұғалімдер қауымы, обалы не керек, осыған дейін жауын шайған қабырғаларды сылап, шатырдың тесігін бітеп-жамап, қолдарынан келген шаруаны атқарып-ақ келген. Десе де толық жөндеуді қажет ететін ғимаратты қалақпен қаруланғандардың күшімен қашанғы ұзақ сақтап отырарсың?!
– Бұрында су аққан жерге шелек қойып, амалдайтынбыз, соңғы жаңбырда шатырдан түгел кетіп, әбден діңкелетті. Бұрын су ақпайтын кабинеттердің төбесінен тамшылағанда, жанымды қоярға жер таппадым. Қабырғалар дымқылданған соң, бір мезгілде электр сымдары да тұйықталып, тоқ көздерінен ұшқын шашырады. Өртеніп кете ме деп зәрем зәр түбіне кетті. Ақырындап ғимаратты толық электр қуатынан ажыраттық қой, – дейді Н.Өтепбергенқызы.
Ертеңіне мектепті бос тұрған колледж ғимаратына көшіруге рұқсат алған мектеп басшысы ата-аналармен жиналыс өткізіп, олардың рұқсатын алады. Абырой болғанда, жағдайға түсіністік танытқан барлық ата-ана жаңа орынға көшуге рұқсат беріп қана қоймай, жабдықтарды тасуға да көмектесіп, мектеп ұжымына қолдан келген көмегін көрсетіпті.
Мемлекеттік сатып алудың әлегі
Әдетте үлкен мәселелердің шешімі қаржыға келіп тірелетінін көріп те, айтып та жүрміз. Ы.Алтынсарин атындағы мектептің жөндеуіне қатысты осылай дейін десек, 2020 жылы күрделі жөндеудің жобалық-сметалық құжаттары сараптамадан оң қорытынды алып, іле-шала облыстық бюджеттен қаражат бөлінгені белгілі. Қаражаты бола тұра, жөндеудің неге басталмағанын аудандық білім бөлімінің басшысы Біржан Сабыровтан білдік.
– Иә, мектепті күрделі жөндеуге былтыр 319 млн 806 мың теңге бөлінді. Облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы былтыр сәуірде ашық конкурс жариялады да. Оған екі мердігер түсіп, жеңімпаз боп «Тасқала Транс Газ» ЖШС анықталды. Мамыр айында өткен аудиторлық тексерістен соң, мердігер «ЮгРемСтройСервис» ЖШС деп қайта өзгертілді. Мұнымен келіспеген алғашқы жеңімпаз бұл шешімге наразы боп, талап-арыздарын сотқа беріп, өзара дауласып жүргенде, бір жыл өтті де кетті. Жөндеудің уақытында басталғанын бәріміз де қалап едік. Осы текетірес болмағанда, 5 айдың ішінде мердігер жұмысын аяқтап, балалар бүгін жаңғырған ғимаратта білім алар еді. Бірақ мемлекеттік сатып алудың талабы сол, сот процесі бітпей, жұмыс басталмайды. Содан жылдың аяғында барлық қаражатты кері қайтаруға мәжбүр болдық, – дейді ол.
Аудандық білім бөлімінің бізге ұсынған құжаттарына сүйенсек, Батыс Қазақстан облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың 2021 жылғы 08 желтоқсанындағы шешіміне сай ұзаққа созылған даудың нәтижесінде бірінші жеңімпаз «Тасқала Транс Газ» ЖШС-нің талап-арызы қанағаттандырылып, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепті жөндейтін мердігер болып танылыпты. Қазір барлық құжаттар уәкілетті мемлекеттік органдарда тіркеліп, мердігермен арада келісімшартқа қол қойылған.
Жөндеуді бастауға арнайы рұқсатты (талон) алған мердігер ұзын арқан, кең тұсауға салмай, осы аптаның сейсенбісінде демонтаж жұмыстарына кірісіп те кетті. Бұл жөнінде апта дүйсенбісінде тілшімен тілдескен мердігердің өкілі Батыр Мұратқалиұлы баяндады.
– Өткен аптада өзім бастаған топ болып мектепке барып қайттық. Мектеп ұжымы сынып жабдықтары, жиһаздарын өзге ғимаратқа көшіріп жатыр екен. Бұйыртса, сейсенбіде бригада жөнелтіп, жұмыстарды бастамақпыз. Ғимарат апатты жағдайда тұр. Шатыр, терезе, есік – бәрін алып тастаймыз. Ғимараттан тек қабырғасы ғана қалмақ. Жаңадан салынғанмен бірдей. Күрделі жөндеуге 350 млн теңге республикалық «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен бөлінген екен. Құрылыс материалдарының бағасы соңғы жылдары күрт қымбаттап кеткені аян, сондықтан бұл қаражат жетіңкіремейді. Тапсырыс берушілер қалған соманың жергілікті бюджеттен бөлінетінін айтып, уәде беруде. Қаражаттан кідіріс болмаса, 12 қазанннан қалдырмай, біз де жұмыстарды аяқтаймыз, – деп жауап қатты ол.
Міне, екі жылға созылған жөндеудің жырына осылайша нүкте қойылды. Бастысы, қаражат уақтылы бөлініп, әупірімдеп басталған жөндеу жұмыстары баянды аяқталса деген тілекті айтады мектеп ұжымы мен ата-аналар. Билік басындағылар осы өтінішке құлақ түріп, жаңа оқу жылында оқушылардың жаңғырған мектепте білім алуына барлық күш-жігерін салса, нұр.
Ә.Серікқызы,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz