Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов Жосалы ауылдық округіндегі А.Жұмағалиев атындағы мектептегі Білім күніне арналған салтанатты шараға қатысты.
- Бүгін ел мектептерінде білім әлемінің жаршысындай қоңырау үні сыңғырлады. Оқу, іздену, еңбектену адамзатты өркениетке жетеледі. Жас ұрпақты да білім ғана ұшпаққа шығарады. Сырым ауданы 2024-2025 оқу жылын 3029 оқушымен бастап жатыр. Ал, Жосалыда 12 бүлдіршін мектеп табалдырығын аттауда. Әліппе ұстап ұлы жолға шыққан балғындарға сәт-сапар тілейміз! - деді аудан әкімі құттықтау сөзінде.
Биыл Жосалыда алғашқы қоңырау 100-інші рет соғылып отыр. Өңірдегі алғашқы мектеп 1924 жылы Еламан ауылында ашылды. Тақта басында Файзулла Ғұсманов, Ізім Жаркеев секілді ұстаздар тұрды.
Бірінші шәкірттері ретінде Абдолла Жұмағалиев, Ғизатолла Қажығалиев, Имаш Бостанов, Қажым Көшеков, Қарақойшы Сахипов, Қыдырғали Досқайыров, Сапия Бегімованың есімдері аталады. Олардың арасынан көрнекті әдебиет қайраткерлері, елге тұтқа болатын азаматтар шықты.
Ғасыр бойы маздап тұрған білім шырағданын қазір жаңа буын лаулатуда. А. Жұмағалиев атындағы жалпы білім беретін мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінде 26 педагог еңбек етеді.
Бүгін Білім күні мерекесіне орай мектеп туын Арсен Асыланбекұлы және Хиуаз Жаңаталап көтерді. Бірінші сынып оқушылары қоңырау қағып, мұғалімдері Жібек Дүйсен оларға әліппе ұстатты.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы