Қаратөбе ауданы Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Ғалымгерей Қайырғалиев 2017 жылдың бірінші жартыжылдығына сай округте атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.
Алқалы жиынға аудан басшысы Жанат Асантаев қатысты.
Есепті кезеңге сай төрт елді мекен орналасқан ауылдық округте көптеген игі істер тындырылған.
Ауыл әкімі Ғалымгерей Қажыгерейұлы округ аумағында атқарылған жұмыстармен қатар алда атқарылатын жоспарлы жұмыстар тұрғын үй құрылысы, жұмыссыздықпен күрес, ауылды абаттандыру және көгалдандыру, көшелерге жарықшамдарын орнату, Шөптікөл ауылына балалар спорт алаңын салу, сонымен қатар аудан орталығындағы күрделі салалар бойынша тындырылған істер мен тазалық айлығында жүргізілген ауқымды жұмыстар туралы баяндады.
Жиналыс барысында алда тамыз айында өтетін ауылдық округ әкімдерінің сайлауына округ бойынша округ әкімі лауазымына ұсынылған кандидаттар Бекболат Бердіғалиевтің, Есен Ғұмаровтың, Ғалымгерей Қайырғалиевтің өмірбаяндары таныстырылды.
Аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Нәжім Дәулетов ұзақ жылдар ауыл әкімі қызметін атқарып келе жатырған Ғ.Қажыгерейұлының орталықта орналасқан округте атқарған жұмыстарын үлгі етті. Алдағы сайлауға үміткер Ғалымгерей Қайырғалиевтің кандитатурасын қолдайтындығын айтып, қаратөбеліктерді сайлау күні Ғ.Қажыгерейұлына дауыс беруге шақырды.
«Елін азаматына қарап танырсың» деген нақыл сөз бекерге айтылмаса керек, көп жыл ауылдың, туған жерінің тұрмыс-жағдайын арттыруға ат салысып келген ел азаматының еңбегі елеулі. Өнегелі еңбек жолы ауылдастары арасында зор құрметке ие.
Ерболат РАЙСОВ
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz